Accessibility links

Алматыда сайлау қорытындысына келіспей, митингіге шыққан тағы екі адамға сот айыппұл салды


Cайлау әділетсіз өтті деп білетін наразы адамдар Тәуелсіздік монументі алдында тұр. Республика алаңы, Алматы, 9 сәуір, 2023 жыл
Cайлау әділетсіз өтті деп білетін наразы адамдар Тәуелсіздік монументі алдында тұр. Республика алаңы, Алматы, 9 сәуір, 2023 жыл

Алматыда сайлаудың ресми қорытындысына келіспей, 9 сәуірде Тәуелсіздік монументі алдына бейбіт митингіге шыққан белсенділер Дінмұхамед Қаматай мен Александр Щекутеевті сот әкімшілік жауапқа тартты. Қаматай Азаттық тілшісіне сот шешіміне келіспейтінін айтты.

Sud.kz сайтындағы мәліметке қарағанда, 20 сәуірде сот Дінмұхамед Қаматайға 172 500 теңге (377 доллар) айыппұл салған. Одан бір күн бұрын Александр Щекутеевке 72 450 теңге (158 доллар) айыппұл салынған.

– Сот онлайн өтті. Сайлауға қарсы митингіге шықтың деп айыптады. Бірақ басқа белсенділерден көбірек, 172 500 теңге төлеуге міндеттеді. Себебі былтыр ақпанда Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарды азаптауға наразылық білдіргенмін. Сол үшін қарашада 15 күнге қамаған. Заң бұзу әрекетін бір жылда екі рет қайталадың дейді. Ал мен қарашада қамалсам да, наразылықты одан бұрын, ақпанда білдіргенмін. Содан бері бір жылдан асып кетті. Қысқасын айтқанда, сот шешіміне мүлде келіспеймін. Бірақ мені айыппұлсыз қалдырмайтыны түсінікті. Заңгерлермен ақылдасып, айыппұл сомасын азайтуды сұрап апелляция береміз, – деді Дінмұхамед Қаматай Азаттыққа телефон арқылы.

"Халық парламенті" деп аталған топ құрған бірқатар адам 19 наурыздағы сайлау әділетсіз өткенін айтып, 9 сәуірде наразылық митингісіне шыққан. Олар сайлау қорытындысын жоюды талап етті. Билік сайлауда ірі заңсыздық болған жоқ дейді.

Бұған дейін қалада осы митингіге қатысқан кемінде 14 белсенді жазаланған. Арасында Рысбек Сәрсенбайұлы, Әлнұр Ілияшев, Мұхтар Тайжан, Асылбек Қараев бар. Бір күн бұрын адвокаттар қудалауды доғаруды талап етіп, президентке үндеу жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG