Батыс басылымдары бұл аптада Гаагадағы халықаралық қылмыстық соттың Ресей президенті Путинді тұтқындау ордері туралы ақпаратқа постсоветтік кеңістіктегі мемлекеттердің реакциясы әртүрлі болғанын, көпшілігі Мәскеуді ашуландырмауға тырысқанын жазды. Сонымен қатар Қазақстан Ресейді айналып өтетін дәліз арқылы мұнай экспортының көлемін арттырғанына тоқталды. Халықаралық баспасөз Украинадағы соғыс Қазақстандағы деколонизация процесін тездеткенін де талдады.
ПУТИНДІ ТҰТҚЫНДАУ ОРДЕРІ: "МӘСКЕУДІ АШУЛАНДЫРУДАН СЕСКЕНГЕН" ЕЛДЕР
Гаагадағы халықаралық қылмыстық соттың Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындау туралы ордері постсоветтік кеңістіктегі елдердің әртүрлі реакциясын тудырды дейді Еуразияның сыртқы істер және қауіпсіздік саясатын зерттеуші Джон Дейли АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтындағы мақалада.
17 наурыз күні Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот "Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз тасымалдағаны үшін" Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Осыған ұқсас ордер "Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды ұрлау, асырап алуға беру және психологиялық террор науқанын жүргізгені үшін" Ресейдегі бала құқығын қоғау жөніндегі омбудсмен Мария Львова-Беловаға да берілді.
Гаагадағы халықаралық қылмыстық соттың құрылтай құжаты – Рим статутын 123 ел ратификациялаған. Постсоветтік кеңістіктегі елдердің ішінен статутқа Балтық жағалауы елдері, Молдова, Тәжікстан, Грузия қосылған.
Сарапшы бұрынғы совет кеңістігіндегі елдер үкіметтерінің ордер жайлы реакциясы әртүрлі болғаны таңғаларлық дүние емес дейді. Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан негізінен үнсіз қалды, ал Эстония, Латвия, Литва мен Украина ордерді қолдады. Ресей − халықаралық қылмыстық соттың ордерін сынаған жалғыз ел.
Ресей халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындамайды. Ордерді орындау-орындамау Путин сапарлайтын елдерге байланысты болмақ. Дегенмен басты мәселе ол елдердің Рим статутына қосылған-қосылмағанына келіп тіреледі. Оның үстіне, Ресейден басқа АҚШ, Қытай, Израиль мен Қазақстанның халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындамауы жағдайды қиындата түседі.
Джон Дейли постсоветтік кеңістіктегі елдер алып көршінің ашуын тудырудан сескеніп, ордер жайлы байқап пікір білдірді дейді. Күзде Путиннің Қазақстанға сапары жоспарланған. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров Қазақстан "Рим статутына қатысушы болмағандықтан, ол статуттың елге қолданысы таралмайды және мемлекет ол бойынша ешқандай міндеттеме алмайды" деп мәлімдеді. Ал жаңа сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жақында Мәскеуге жасаған сапарында Путин Қазақстанға күзде келетінін растады.
Дегенмен постсоветтік кеңістіктегі саясаткерлердің бәрі бұл тақырып бойынша үнсіз қалды деуге келмейді. Армения Путинді тұтқындамайтынын меңзеді. Армения парламентінің вице-спикері Акоп Аршакян Ереван Рим статутына қол қойса да, бұл Армения мен Ресейдің стратегиялық қарым-қатынасына нұқсан келтірмегенін қалайтынын жеткізген. Бірақ биліктің "Азаматтық келісім" партиясының депутаты Гагик Мелконян "Путин Арменияға келсе, тұтқындалуы керек" деген.
Путин үшін постсоветтік кеңістіктен тыс жерге сапарлау қауіпті. Биыл тамызда Оңтүстік Африка Республикасында БРИКС блогының саммиті өтпек. Оңтүстік Африка Рим статутына қатысушы болғандықтан, Путин сол елде тұтқындалуы мүмкін деген қауіп жоқ емес. Оңтүстік Африка президентінің баспасөз хатшысы Винсент Магвенья жақында саммитке БРИКС-ке мүше елдердің басшылары түгел келетінін жеткізді. Дей тұрғанмен Путинді тұтқындау мәселесі ол елде пікірталас тудырды. Демократиялық альянс саяси партиясы Путинді қамауға алуға шақырса, Оңтүстікафрикалық коммунистік партия тәрізді солшылдар статуттан шығып, Путинге тиіспеуге үндеді.
Халықаралық қылмыстық сот процесті сырттай жүргізбейді. Сондықтан Путин сотқа тартылуы үшін оны Ресей экстрадициялауы керек немесе ол елден сырт жерде тұтқындалуы керек. Путинді тұтқынға алу жөніндегі ордер саясаткер сот алдына келгенше немесе оның ғұмырының соңына дейін өз күшін жоймайды.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТАРСЫЗДАНДЫРУ ПРОЦЕСІН ЖЕДЕЛДЕТТІ
Әлеуметтанушы, АҚШ-тағы Питцер колледжінің профессоры Азамат Жүнісбай Испаниядағы El Mundo газетіне берген сұхбатында Ресейдің Украинамен соғысы Қазақстандағы деколонизация процесіне қалай әсер еткенін талдайды.
Көпшілік Ресейдің Украинаға басып кіруін тек Путиннің соғысы деп қабылдайды. Алайда Жүнісбайдың ойынша, мұның астарында Ресей отаршылдығы мәселесі жатыр. "Ресей – өткенге оралғысы келетін отаршыл держава, кекшіл империя. Украина Қазақстан үшін де соғысып жатыр деген пікірді елде көп естисің".
Зерттеуші Ресейдің Украинаға басып кіруі елдегі деколонизация процесін жеделдетті деп есептейді. Орыс тілі бұрынғыдай көп қолданылмайды, қалаларда қазақ тілін үйрететін клубтар ашылды, Қазақстанда көпшілік Ресейдің жаңа империализмі қаншалықты қауіпті екенін түсінеді.
Ресей элитасы Қазақстанды қалай қабылдайды? Бұл сұраққа жауап берген Азамат Жүнісбай Ресей жазушысы Александр Солженицынның 1990-жылдары жазған "Ресейді қайтсек көгертеміз?" эссесіне тоқталады. Жазушы бұл еңбегінде "украиндерді басқа халық деу қате, ол өздерінің орыс екенін мойындағысы келмейтіндер" деп жазған. Солженицын Қазақстан аумағының үлкен бөлігін Ресей аумағы деп қарастырған, ол Украина, Беларусь, Ресей мен Солтүстік Қазақстанның басын қосатын "Орыс одағын" жақтағаны белгілі.
"Ресей біз олардың губерниясы тәрізді Мәскеумен ақылдасып отырғанымызды қалайды. Алайда Қазақстанда ешкім Ресейдің елге билік еткенін, ықпалы жүргенін қаламайды" дейді Жүнісбай.
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙДІ АЙНАЛЫП ӨТЕТІН БАҒЫТ АРҚЫЛЫ МҰНАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРДЫ
Қазақстан биыл бірінші тоқсанда Ресейді айналып өтетін бағыт арқылы мұнай экспортының көлемін арттырған. Мұны Reuters ақпарат агенттігі мұнай өнеркәсібі саласындағы дереккөздер мен Лондон қор биржасы тобына кіретін қаржы нарығы деректері мен инфрақұрылымының жаһандық жеткізушісі Refinitiv-ке сүйеніп хабарлады.
Каспий теңізі мен Кавказ арқылы қазақ мұнайының экспорт көлемі салыстырмалы түрде аз болғанымен, Мәскеу былтыр ақпанда Украинаға басып кірген соң, оның көлемі күрт артты. Reuters агенттігінің жазуынша, Ақтау портынан Әзербайжан астанасы Бакуге тасымалданған мұнай көлемі биыл қаңтар-наурыз аралығында 163 436 тоннаға жетті. Былтыр осы кезеңде бұл бағыт арқылы небәрі 28 875 тонна мұнай экспортталды.
"Қазақтеңізкөлікфлоты" ұлттық теңіз тасымалдаушысы Reuters-ке берген жауабында қаңтар-наурызда Баку – Тбилиси – Жейхан құбырымен 104 мың тонна мұнай экспортталғанын айтқан.
Қазақстан Қытайға ай сайын 80 мың тоннадан астам мұнай жөнелтеді. Былтыр Ресейді айналып өтетін бағыттар арқылы экспортталған мұнай көлемі 1,8 миллион тоннаға жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 638 мың тоннаға көп.
Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау 1 пайызға қысқарғанымен, Қазақстан мұнайының 80 пайызы осы дәліз арқылы экспортталады.
Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы былтыр төрт мәрте шектелген. Батыс басылымдары Мәскеу құбыр жұмысын шектеу арқылы Украинадағы соғыста Ресейді жақтамаған Қазақстаннан кек алып отыр деп жазған. Былтыр шілдеде Ресейдің Новороссийск соты экология талаптарының бұзылуына байланысты Каспий құбыр консорцуимы жұмысын бір айға тоқтатқан соң, президент Тоқаев мұнай экспортының балама дәлізін дамытуды тапсырды.
Жақында Қазақстанға ресми сапар жасаған Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалдау мен Орта дәлізді дамыту мәселесін талқылаған.
АҚШ-тағы Jamestown қорының жазуынша, осы келіссөз кезінде Әлиев пен Тоқаев қазақ мұнайын әзербайжан құбыры арқылы тасымалдау бойынша қосымша келісім жасасқан. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) арасындағы келісім бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдануға тиіс, жыл соңына дейін Баку мен Ақтау арасында 12-14 танкер рейсі жоспарланды. Әлиев пен Тоқаев мұнайды Әзербайжан аумағы арқылы Еуропаға тасымалдауға келіскен. Әзербайжан аумағымен тасымалданатын қазақ мұнайының көлемін Каспий құбыр желісі арқылы экспортталатын мұнай көлемімен салыстыру қиын. Бірақ Тоқаев Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдау көлемі жылына 20 миллион тоннаға жетеді деп үміттенеді.
ПІКІРЛЕР