Accessibility links

Энергетика министрі Сәтқалиев: МАЭК қызметкерлері еңбегіне лайық ақы алуға тиіс екенін түсініп отырмыз


Ақтау қаласы.
Ақтау қаласы.

Қазақстаның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақтау қаласындағы Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) қызметкерлерінің "аз жалақы мен тозған құрал-жабдық" туралы шағымы жөнінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берді.

Министрдің сөзінше, қазір энергетика саласында "жағдай күрделі" болып тұр.

– Жыл сайын газ бен көмір қымбаттап, энергия өндіретін кәсіпорындарға қиын болды. Соған қарамастан, тарифті ұстап отыр. Қазір құрал-жабдықтың 91 пайызы тозып тұр. Өндіріс қызметкерлерінің жалақысы көп жылдан бері өскен жоқ. Қазір үкімет араласып, инвестициялық бағдарламалардың бір бөлігін республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Компания иелерін де инвестиция салуға шақырып отырмыз. Сметаға өндіріс қызметкерлерінің жалақысы да кіруге тиіс, – деді министр.

Оның сөзінше, энергетика саласындағы өндіріс қызметкерлерінің жалақысы – 150-200 мың теңге.

– Бұл – өндірістік жарақаты, апаты бар ауыр жұмыс. Бірақ тарифтен, республикалық бюджеттен немесе тікелей инвестициядан басқа жалақыны көтерудің жолы жоқ. МАЭК те, өзге кәсіпорын қызметкерлері де еңбегіне лайық ақы алуға тиіс екенін түсініп отырмыз, – деп мойындады министр.

Бұған дейін МАЭК зауыты қызметкерлері видеоүндеу жасаған.

"МАЭК қызметкерлері Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысын жылумен және жарықпен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді, соған қарамастан, жалақымыз өте аз, 10 жылдан бері көбейген емес. Зауыт жұмысшылары 160 мың, басшылары 1,5 миллион теңге алады. Жалақымызды көтеруді сұрасақ, басшылар "ол үшін тарифті көтеру керек" дейді. Ал тариф жыл сайын көтерілсе де, жалақымыз көбеймейді" дейді зауыт қызметкерлері.

МАЭК қызметкерлері жалақының аздығы мен құрал-жабдық тозғанын былтырлары да айтқан. Комбинат жоспарлы жөндеу кезінде жылуды үздіксіз беру үшін Ақтау қаласын ыстық судан ажыратуға да мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG