Accessibility links

Атырауда "КамАЗ" жүргізушілері дизель қымбаттағанына наразылық білдірді


Дизель бағасының көтерілуіне қарсы шыққан жүргізушілер. Атырау, 25 сәуір, 2023 жыл.
Дизель бағасының көтерілуіне қарсы шыққан жүргізушілер. Атырау, 25 сәуір, 2023 жыл.

25 сәуірде Атыраудағы "Аламан" базарының маңында "КамАЗ" жүргізушілері жанармайдың қымбаттауына байланысты наразылық білдірді. Наразылыққа жиналған 60-қа жуық жүргізуші көліктерін базар жанына қойып, екі сағаттай ереуілдетті. Жүргізушілер дизельді бұрынғы бағасына – 295 теңгеден 230 теңгеге түсіруді талап етеді. Наразылар Қазақстан азаматтары үшін дизель отынына қойылған лимит алып тасталсын және ол лимит шетелдік автокөлік жүргізушілері үшін енгізілсін дейді.

Жүргізушілердің талабынша, жанар-жағармай құю бекеттерін бақылауда ұстап, ел шекарасында шетелдік жүк көліктерінің багын тексеру керек, оларға 150-200 литр деген лимит енгізілгені дұрыс.

– Мұнайдың үстінде отырып, жанар-жағармай бағасы көтерілгені өте қиын болды. Бәріміз бірдей Теңіз, Қарабатан жобаларында жұмыс істей алмаймыз. Күнімізді көріп, "КамАЗ" айдап, топырақ материалдарын тасимыз. Көрші елдерде дизель отыны қымбат дейді, бірақ әр елдің жағдайы бөлек, бағаны өзімізге қарап реттеуіміз керек қой, – дейді наразылардың бірі Абылай Уәп.

Жиналғандарға прокуратура, қалалық және облыстық әкімдік өкілдері келіп, наразылық акциясын ұйымдастыру заңсыз екенін ескертті. Олар жүргізушілердің талабын тыңдап, мәселелерін бақылауға алуға уәде берді. Билік өкілдері жүргізушілерді қала әкімдігіне үш күннен соң шақыратынын, сол кезде мәселенің шешімін айтатынын да мәлімдеген.

Бұдан соң жиналғандар екі сағат тұрып, тарқасты.

3 сәуірде Қазақстан үкіметі бензиннің шекті бағасын 11 пайыз, дизель бағасын 20 пайыз көтеретінін хабарлаған. Энергетика министрлігі мұны "Қазақстан мен көрші елдердегі баға айырмашылығын азайту үшін жасап отырмыз" деп түсіндірген.

Ал премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан жанармайды қымбаттатпаса, алдағы уақытта тапшылық күшейе түсуі мүмкін деген.

– Қазақстанда дизельдің бір литрі 230-260 теңге болса, Ресейде одан 45 пайыз жоғары, яғни литрі – 345 теңге. Қырғызстанда 64 пайыз жоғары немесе 390 теңге. Өзбекстанда екі есе жоғары немесе литрі 480 теңге тұрады. Осындай айырмаға байланысты транзит көліктерімен және түрлі "сұр экспорт арқылы" Қазақстан жанармайы көрші елдерге әкетіліп жатыр. Біздің арзан жанармайымыз ұлттық мүддемізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр, – деген еді премьер-министр.

2022 жылғы 22 тамызда энергетика министрлігі Қазақстан берген жүргізуші куәлігін көрсеткенде, дизель лимиті өңіріне қарай күніне 100 литр, көлік Қазақстанда тіркелгені туралы куәлікті көрсеткенде, жүк көліктері мен автобустар үшін лимит 300 литр болады деп енгізген. Дизель 230-260 теңгеден сатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG