Accessibility links

"АрселорМиттал" заңгерінің өлімі: полиция "қылмысты ашқанын" хабарлады, бірақ оған не түрткі болғанын айтпады


Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин 26 сәуірде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының заңгері Ирина Эмнің өліміне байланысты "қылмысты ашқанын" хабарлады. Полицияның айтуынша, Ирина Эм АМТ компаниясының заң жағынан кеңесшісі болып қызмет атқарған. Іс "адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Әуелі әйелді пышақтаған, кейін пәтерін өртеген.

Қарағанды облыстық полиция департаменті 26 сәуірде қылмыс оның кәсіби қызметіне байланысты емес екенін айтты. Дегенмен полиция қылмысқа не түрткі болғанын айтпады. Бұған дейін әлеуметтік желіде заңгердің өлімі оның қызметіне байланысты болуы мүмкін екені, қылмыскер қылмыс ізін жасыру үшін марқұмның пәтерін өртегені жөнінде ақпарат тараған еді.

Полиция сәрсенбі күні осы қылмысқа байланысты екі адам – 52 жастағы ер адам мен 44 жастағы әйел адам ұсталғанын хабарлаған.

Бұған дейін полиция пәтерінен пышақталған күйі табылған заңгердің өліміне байланысты жедел-іздестіру шарасы кезінде күдіктілер анықталғанын да хабарлаған еді. Заңгердің денесі Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы бесқабатты тұрғын үйдің бір пәтеріндегі өртті сөндіру кезінде табылған. Өрт жөнінде хабар 23 сәуірде күндіз түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, пәтерде жиһаз бен үйдегі өзге де мүлік өртенген. Өрттің себебі айтылмады.

АМТ компаниясы заңгердің өлімі туралы ресми хабарлама таратпады.

Ақпаратқа қарағанда, заңгер Ирина Эм бұрын өндірісте зардап шеккен шахтерлердің ісіне байланысты азаматтық істерге қатысқан. Білетіндер оны өз ісінің шебері деп атайды.

XS
SM
MD
LG