Бішкек соты ақпарат құралы ретінде Азаттықтың Қырғыз қызметінің ("Азаттык Медиа") жұмысын тоқтату туралы өтінішті орындады.
Сотқа өтінішті Қырғызстан министрлігі түсірген. Соттан кейін Азаттықты қолдаушылар "Масқара!" ("Позор!") деп айқайлады. "Азаттык Медиа" шешімді апелляцияға беретінін айтты.
27 сәуірде жарыссөз өтіп, Азаттық адвокаттары министрліктің өтінішін қанағаттандырмауды сұраған. Бір күн бұрынғы сот процесінде лингвистикалық сараптама нәтижесі таныстырылған, бірақ сарапшы "Азаттық сайтында жарияланған видеода соғысты насихаттау бар ма?" деген сұраққа жауап бере алмаған еді. Сарапшы "ондай сұраққа жауап беруге құзыреті жоғын" айтқан.
23 қаңтарда Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі сотқа шағым түсіріп, Азаттықтың Қырғыз қызметінің ("Азаттык Медиа") жұмысын тоқтатуды талап еткен. Ведомство өкілдері шағымда Азаттық сайтын жабуға түрткі болған қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы "Настоящее время. Азия" арнасының бағдарламасы жойылмағанын және әлеуметтік желіде таралып жатқанын айтқан.
Шағым түсіруші тарап "Азаттык Медиа" заңға қайшы әрекет етіп отырғанын, "БАҚ туралы заңда" соғысты насихаттауға тыйым салынғанын алға тартқан.
Кейбір халықаралық ұйымдар, саясаткерлер, жүздеген қырғыз тұлғалары "Азаттыққа" еркін ақпарат таратуға мүмкіндік беруді талап еткен.
Азаттық сайты мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің шешімімен Қырғызстан аумағында 2022 жылғы 26 қазаннан бері бұғатталып келеді. Ведомство өкілдері "заңға қайшы" материал өшірілмейінше, бұғаттау туралы шешім күшінде болатынын айтқан. "Азаттык Медиа" алғашқы күннен-ақ бұл шешімді мойындамайтынын мәлімдеп, заңсыз екенін дәлелдеуге тырысқан.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Джейми Флай қырғыз Азаттығының жұмысын жалғастыру үшін барлық құқықтық тетікті пайдаланатынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР