Павлодар облысы Ақсу қаласындағы сот белсенді Емберген Құрмановты бейбіт митинг ережесін бұзды деген айыппен 15 күнге қамады. Бұл туралы белсендінің өзі Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
"15 күн берді, кешіріңіздер, 15 күн аш жата алмаймын" деді ол видеода. Бір күн бұрын белсенді аштық жариялайтынын айтқан еді.
27 сәуірде Ақсу полицейлері белсендінің үйіне келіп, одан бөлімшеге баруды талап еткен. Бұл сәттің видеосы ActivistsNotExtremists телеграм-арнасында жарияланды. Құрмановқа келген екі полицейдің бірі өзін Дәуренбек Қуанышев деп таныстырады.
"Киініңіз, бізбен жүруіңізді сұраймыз. Қолымызда шақырту қағазы жоқ, сізді әкетуге өзіміз келдік" дейді полицей.
Құрманов видеода "өзін 1 мамырға жоспарланған бейбіт митинг үшін ұстап жатқанын" айтады.
Түстен кейін сот сайтында Ақсу қаласындағы сот Құрманов "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен әкімшілік жазаға тартылғаны жайлы ақпарат жариялады.
Қазақстанның әр қаласындағы белсенділер 1 мамырда Украинаны қолдайтын және Қазақстанның ҰҚШҰ қатарынан (Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей мүше ұйым, мұнда Мәскеудің ықпалы басым) шығуды талап етіп, бейбіт митинг ұйымдастыратынын жариялаған.
Қазақстанда азаматтар бейбіт митинг ұйымдастыру үшін әкімдіктен рұқсат алуы керек. Жергілікті билік белсенділерге митинг өткізуге көбіне рұқсат бермейді.
ПІКІРЛЕР