Ақтауға кіреберіс жерде Маңғыстау облысының түрлі аудандарынан жиналған 100-ден астам жүргізуші наразылық білдіріп тұр. Осыны Азаттыққа хабарлаған жүргізушілер видео да жіберді.
Олар билікке негізінен екі талап қояды:
- 28 пайыз көтерілген жанармай бағасын қалпына келтіру;
- "Тасымалдауға шектеу қойған" индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің №715 бұйрығының күшін жою.
– Қымбатшылық халықты қысып жатыр. Жанармай бағасын 295-тен өзінің бұрынғы бағасына, яғни 230-ға түсіруді талап етеміз. Жанармай қымбаттағаннан кейін тасымалдау құнын да қымбаттатуға мәжбүр болып тұрмыз. Тасымалдау құны артса, бәрі көтерілейін деп тұр. Сол себепті жанармайдың бұрынғы бағасын қалпына келтірсін, – деді Ақтау жүргізушісі Әділ Бақберген Азаттық тілшісіне.
Азаттыққа келіп түскен видеоларда ондаған адам президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап жатқаны, наразылық орнында көп жүк көлігі тоқтап тұрғаны көрінеді.
Жүргізушілердің сөзіне қарағанда, наразылық басталғанына бірнеше күн болған. Олар түнде сол жерге қонып жүргенін айтады. 28 сәуірде прокуратура өкілдері келіп, "хаттарына жауап келгенше тарауды сұраған". Жиналғандар наразылыққа өзге аймақтардан жүргізушілер қосылып жатқанын айтты.
– Түркіменнің тіркемелерін қазақстандық көліктер сүйреп жүретін еді. Ақпан айында заңға қайшы деп соларды тоқтатып тастады. Шетелдік көліктерді техтексерістен өткізуге болмайтын қылды ғой, содан кейін тоқтатып тастады. Оларды осы жерден Ақтауға, Ақтөбеге, Ресейге апаратын еді. Ақтауда ештеңе шықпайды. Тамақтың бәрі сырттан келеді. Енді сол тасымалдауға шектеу болып отыр. Біз сол шектеуді алып тастауды талап етіп отырмыз, – деді наразы жүргізушілердің бірі Абайдулла Базарбаев Азаттыққа.
Әзірге Маңғыстау облысының прокуратурасы жауап бермеді.
Ақпан айында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "тасымалдаушыларға халықаралық жүк автотасымалын іске асыруға рұқсат беретін ережелер" күшіне енгенін, ол "халықаралық жүк тасымалы мен өзге де рәсімдерді жүзеге асыруға рұқсат беретін талаптарды күшейтуді көздейді" деп хабарлаған.
Қазақстанда сәуір ортасында АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин мен дизельдің бағасын көтеру туралы шешім күшіне енген. Билік бұл жанармай тапшылығын болдырмас үшін жасалып отыр деп мәлімдеген. Ізінше энергетика министрлігі "төмен баға ысырапшылдыққа жол береді" деп, Алматы мен бірнеше аймақта автогазды қымбаттату жоспарын айтқан.
Осыған дейін Қазақстанның бірқатар аймағында жанармайдың қымбаттауына байланысты наразылық болған.
ПІКІРЛЕР