Accessibility links

"Совет империясының астанасынан" репортаж. 32 жыл бұрынғы хабарда не айтылды?


Мәскеудегі КГБ ғимаратына ілінген Владимир Ленин портретіне қарап тұрған совет полицейлері. 1990 жыл. Фото: AFP
Мәскеудегі КГБ ғимаратына ілінген Владимир Ленин портретіне қарап тұрған совет полицейлері. 1990 жыл. Фото: AFP

Шетел қазақтарының құттықтауы, жас елдің жаңа президенті – Нұрсұлтан Назарбаевқа тілек, қуанышын жасырмаған тыңдарман... Азаттықтың 16-17 желтоқсандағы хабарларында қызық нәрсе көп. Мәскеуде өткен Демократиялық реформалар қозғалысы жиынында Санкт-Петербург мэрі Анатолий Собчак Украина мен Ресей арасында жер үшін қақтығыс болуы мүмкін деген болжам айтады. Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин сол тұста Собчактың қарамағында жұмыс істеген.

Қазақстан тарихшысының совет кезіндегі Ленин жайлы мақаласына назар аударған Азаттық арада бір жыл өткенде оның көзқарасы өзгергенін байқаған. Байқап, оны құттықтаған. Мәскеудегі жиында совет елдері арасында шекараға орай қақтығыстар ықтималдығы сөз болған. Ондайда Ресей мен Украина, Ресей мен Қазақстан арасы атап көрсетілген.

Азаттық радиосы Қазақстан тәуелсіздік алған күндердегі эфирінде осындай хабарлар таратылған еді. Бұл туралы "Азаттық радиосы – 70" подкасының бүгінгі эпизодында толығырақ айтылады.

Подкасты тыңдаңыз:

"ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНА ДА ПАЙДАЛЫ БОЛСА..."

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған кездегі Азаттық радиосы тыңдармандарын тыңдау өзінше қызық. Олардың денін Еуропа қазақтары құрайды. Тыңдармандардың пікірінде лықсыған қуаныш, тасыған тілектестік, ерекше эмоция бар. Түркия, Германия және Францияның түрлі қалаларында тұратын қазақ диаспорасы тәуелсіздікті айрықша қуанышпен қабылдаған. Тыңдарманның бірі тәуелсіздік құрметіне бір апталық той ұйымдастырылып жатқанын айтса, тағы бірі Желтоқсан оқиғасы құрбандарына құран бағышталғанын хабарлайды және құрбандарды "шәһид" деп атайды.

Тыңдарманның тағы бірі тәуелсіздік алған Қазақстанның басшыларын шетел қазақтары мәселесіне назар аударуға шақырады. "Тәуелсіздік шетел қазақтарына да пайдалы болуын тілейміз" дейді олар. Құттықтаушылар арасында белгілі адамдардың да аты аталады.

Өзгерісті аңсаған, үміт күткен адамдар арманы. Кейін осы адамдардың кейбірі Қазақстанға көшіп келіп, орнығады.

"ҚҰТТЫҚТАМАУ МҮМКІН ЕМЕС!"

Азаттық Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күнгі хабарының бірінде тарихшы ғалымның совет мемлекетін құрған коммунистер көсемі Ленин туралы көзқарасы қалай өзгергеніне шолу жасайды. Сол кезде 43-те болған тарихшы Талас Омарбековтің 1990-1991 жылдары жарияланған екі мақаласын салыстырған Азаттық радиосы ғалымның Ленин жайлы көзқарасы өзгерді деп тұжырады.

1990 жылы Талас Омарбековтің "Қазақстан әйелдері" журналының №11 санында "Ғасырдың басты оқиғасы" деген мақаласы жарияланған. Онда автор 1917 жылғы Октябрь революциясына байланысты Ленинді мақтап, мадақтады деп хабарлайды. Радио хабарына қарағанда, ғалым большевиктер көсемі Ленинді сынағандарға тойтарыс беруге тырысқан.

Талас Омарбековтің 1991 жылы қараша айында сол кездегі "Егеменді Қазақстан" газетінде "Қателескен Ленин бе, әлде қазақ зиялылары ма?" деген тақырыпта тағы бір мақаласы жарық көреді. Азаттық радиосы осы екі мақаланы салыстыра келе, мынандай түйін жасайды:

"Жалпы алғанда, Лениннің қазақ халқы мен еліне, сол қатарда бүкіл Орталық Азия аймағындағы өзге түркістандық халықтарға жақсылығы, қамқоршылығы және әділеттілігі болған жоқ. Бірақ Талас Омарбек сияқты басқа да көптеген қазақ авторы соңғы уақыттарға дейін Ленин мен Қазан революциясы жайында шындықтарды біле, көре тұра жалтаруға, шындықтың өңін өзгертіп көрсетуге ұмтылып отырды. Бірақ арада бір жыл уақыт өткенде, Ленин туралы шындықтарды көре білген, бұрынғы томаға-тұйықтығынан бас тарту батылдығына барған, тарих ғылымының кандидаты, доцент Талас Омарбекті құттықтамау мүмкін емес..." (Автордың стилі сақталды – ред).

"СОВЕТ ИМПЕРИЯСЫ" АСТАНАСЫНДАҒЫ ЖИЫН

Қазақстан тәуелсіздігін жариялар қарсаңда, 1991 жылғы 14 желтоқсанда Мәскеуде Демократиялық реформалар қозғалысының жиыны өтеді.

Азаттық радиосы осы жиынға бір хабарын арнайды. Басқосуды ұйымдастырған – "қайта құру" идеясының идеологы саналатын Александр Яковлев. Ол 1991 жылы шілдеде Совет Одағының сыртқы істер, кейіннен сыртқы қатынас министрі Эдуард Шеварднадземен бірігіп, Демократиялық реформалар қозғалысын құрады. Бұл қозғалыс сол кезде тараған Коммунистік партияның ізбасарына айналады деген үміт болған тәрізді. Алайда Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, Демократиялық реформалар қозғалысы ресейшіл ұйым болып шығады.

Бұл әйгілі Тамыз бүлігінен кейінгі бұлғақ кезең болатын. Бұрынғы одақтас елдер үшін ортақ әскер қажет пе, қажет емес пе, ядролық қарудың тағдыры не болады, жаңадан құрылмақ ТМД беталысы қалай болмақ – жиында осы мәселелер талқыланған.

Отырысқа қатысу үшін Мәскеуге Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Батырхан Дәрімбет барған.

"Мен кешеден бері совет империясының астанасы Мәскеуде жүрмін. Мұнда Демократиялық реформалар қозғалысы деген жаңа ұйымның құрылтайына келдім. Әзірге Демократиялық реформалар қозғалысы тек Ресейдің айналасында құрылатын тәрізді. Өйткені мұнда қазіргі тәуелсіз республикалардан адамдар өте аз келген. Оның ішінде Орталық Азияның кейбір республикаларынан келген делегаттар бар. Ал Қазақстаннан келген делегаттар тек қана бақылаушы статусымен келген екен" деген тілші Мәскеудегі жағдайды "өте көңілсіз" деп сипаттайды.

Батырхан Дәрімбет
Батырхан Дәрімбет

"ОЙДАН ЖАСАЛҒАН ШЕКАРА"

Сол күндері бұрынғы одақ елдерінде ортақ әскер құру керек және ядролық қаруды бір орталықтан басқарған жөн деген идея басым болған. Алайда Украина парламенті бұл ұсынысты қолдамаған. Киев дербес әскер болуы керек деген ұстанымда болған.

Демократиялық реформалар қозғалысының құрылтайында бұрынғы одақтас елдер арасында болашақта жер дауы қоздауы мүмкін екені айтылады. Әсіресе Ресей-Украина, Ресей-Қазақстан арасында жер үшін қақтығыс болуы мүмкін деген ой айтылады. Оны сол кездегі Санкт-Петербург мэрі Анатолий Собчак айтқан. Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин осы кезде Собчактың қол астында жұмыс істейтін.

"...Собчак қосымша баяндамасында көп мәселемен бірге қазіргі тәуелсіз мемлекеттер арасында болашақта болатын территориялық түсініспеушіліктер туралы айтты. Осыған дейін 74 жыл ішінде мемлекеттер арасындағы шекара ойдан жасалған еді, тек қана белгілі бір басшының есебімен сол шекаралар құрылды. Мысалға, болашақта Қазақстан мен Ресейдің арасында, Украина мен Ресейдің арасында осындай территориялық қақтығыстар болуы мүмкін дегенді айтты... Сөйтіп, Демократиялық реформалар қозғалысы бірінші күннен бастап, империядан таяқ жеген, империядан қысым көрген ұлттарды бір-бірімен тең дәрежеде қойып, татуластырудың орнына, арасына от салғысы келіп отыр. Сондықтан Собчактың шекара туралы айтқан тұжырымдары мемлекеттерді татуластырымайды, қайта араға араздық отын себетін болады" деп қорытады Азаттық тілшісі Батырхан Дәрімбет Мәскеуден жолдаған хабарында.

КЕЗЕКТІ ЭПИЗОДТА

1953 жылы құрылғаннан беріде Азаттық радиосы сана тәуелсіздігіне үндеп, еркін ақпарат тарату миссиясын атқарып келеді. Қырғиқабақ соғыс кезінде совет елдерінде айтылмаған ақиқат осы радио арқылы әлемге тарап жатты.

Азаттықтың күші ақиқатты жеткізуде. Бейнелей айтқанда, Азаттық совет аумағында тыйым салынған тақырыптар радиосына айналды. Тыңдарманның радионы жасырынып болса да тыңдап, еркін ақпарат алуға тырысуы Азаттық қызметкерлеріне де шабыт берген сияқты. Оны радиода қызмет атқарған адамдардың естелігінен де байқауға болады.

Сондай тұлғаның бірі – Хасен Оралтай. Қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, күрескер азамат Хасен Оралтайдың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Келесі эпизодта Хасен Оралтайдың Азаттық радиосындағы қызметіне тоқталамыз.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG