Алматы қаласы мәслихатына "Аманат" партиясы арқылы өткен депутат Анна Башинская Украина президенті Зеленскийге "Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасау жөнінде кеңес бергені" шу тудырғаннан кейін депутаттықтан кететінін мәлімдеді.
"Менің пікірім қазіргі қиын жағдайда орынсыз болғанын тағы айтқым келеді. Осы пікірім қоғам алдында қиын жағдайға түрткі болды. Соған байланысты партияның ресми ұстанымына келісемін. Жеке жауапкершілігімді түсіне отыра, депутаттық өкілетімді тоқтатамын деген шешімге келдім. Отандастарымнан және партияластарымнан қатем үшін кешірім сұраймын" деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Башинская германиялық Deutsche Welle басылымының Facebook-тегі парақшасындағы пост астына "Зеленский мырза, дұрысы – Түркия! Ол жақта жыл бойы жылы" ("Лучше в Турцию, господин Зеленский! Там тепло круглый год") деген пікір қалдырған.
Deutsche Welle басылымының мақаласында Зеленскийдің "біз қарсы шабуылға шығып, Ресей басып алған жерлерді, соның ішінде Қырымды да қайтарып аламыз" деген сөзі болған.
Башинскаяның Зеленскийге берген "кеңесі" әлеуметтік желіде қызу пікір туғызып, мәслихат депутаты сынға қалған. Желі қолданушыларының кейбірі "Аманат" партиясынан Башинскаяға шара қолдануды талап еткен.
Көп ұзамай Анна Башинскаяның өзі желідегі парақшасы арқылы Украина президентінің мәлімдемесіне ойланбай пікір жазғанын айтып, жұрттан кешірім сұраған.
"Украина мен Ресей халқына тек бейбітшілік тілеймін. Кешіріңіздер, бұл – менің қатем. Бұл жайтқа пікір жазуға құқығым жоқ, біздің өз еліміз бар, мен депутат ретінде әуелі өз елімнің игілігін ойлауға тиіспін" деп жазған еді ол. Башинская кешірім сұраған постысына да пікір жазуды шектеген.
2 мамырда "Аманат" партиясы Башинскаяның пікірін айыптайтынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР