Accessibility links

Экс-президенттің немере інісінің бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды жеті жылға сотталды


Астана соты экс-президенттің немере інісінің бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ол "адам ұрлау" (125-бап) және "өзінше билік ету" (339-бап) баптары бойынша айыпталған. Бұл жөнінде Қазақстанның ақпарат құралдары хабарлады.

Гүлмира Сатыбалды "бизнесті күштеп тартып алу", "ақша жымқыру" сияқты өзге істер бойынша да күдікке ілінген. Ол істер әзірге сотқа жеткен жоқ.

Бұған дейін прокурор Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға соттауды сұраған. Ол сотта өзіне тағылған айыптарды ішінара мойындаған.

4 мамырда сот оны "Құрмет" орденінен айыру туралы да президентке ұсыныс жасаған. Сот үкіміне сәйкес, Гүлмира Сатыбалды кәсіпкер Тұрсен Алагөзовке 6,6 млрд теңге ақша өндіріп беруге тиіс. Сатыбалды кәсіпкерге моральдық өтемақы ретінде 1 млн теңге беруге де міндеттелді.

Гүлмира Сатыбалды “рейдерлік” және “адам ұрлау” күдігімен 2022 жылы 16 наурызда ұсталған. Тергеу болжамынша, 2020 жылы маусым-қыркүйек аралығында ол жергілікті кәсіпкер Тұрсан Алагөзовті Galanz bottlers компаниясындағы 45 пайыз акциядан бас тартуға мәжбүрлеген. Кәсіпкерге моральдық-психологиялық да қысым жасалғаны да айтылды.

Тергеу болжамынша, Сатыбалды сонымен бірге компаниядан Maxi чай тауарлық белгісін шығарып, Maxi Bottlers'ке беріп, оны Айгүл Мекешованың атына рәсімдеген. Мекешованың алдына “компанияны дефолттық жағдайдан құтқару” міндеті қойылған, ол міндетті орындаған соң компанияны “Сатыбалдының сенімді тұлғаларының” атына аударуға мәжбүрлеген. Былтыр Мекешованың айыпталушымен келісімге келгені хабарланған.

Гүлмира Сатыбалды экс-президенттің немере інісімен некеде тұрмағанына 20 жыл болғанын айтқан. Ол Алагөзов компанияның басшысы болмағандықтан жәбірленуші де бола алмайтынын айтқан.

Гүлмира Сатыбалдымен бірге оның қарамағында істеген Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебеков те сотталды. Тергеу болжамынша, олар “адам ұрлау” және “бизнесті тартып алуға” көмектескен. Сот Мәди Батыршаевты – жеті жыл, Рашид Өтебековті бес жылға соттады. Сотталушылар қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Былтыр 26 қыркүйекте сот Қайрат Сатыбалдыны "Қазақтелеком" және "Көлік сервисі орталығы" компанияларынан аса ірі көлемдегі қаржы жымқырды деген айыппен алты жылға сотталған. Оның үстінен тағы бірнеше іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Сарапшылар 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Назарбаевтың туыстары қамауға алынып, отбасы мүшелері жоғары лауазымдардан шеттетілгенін бұрынғы кланның әлсірегені деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG