Accessibility links

Ресей Одесса мен Киевке камикадзе-дрондармен шабуыл жасады


Киев төбесінде ұшып жүрген "Шахед" дроны
Киев төбесінде ұшып жүрген "Шахед" дроны

Ресей 4 мамырға қараған түні Одесса мен Киевке "Шахед" камикадзе-дрондарымен шабуыл жасады. Киевте әуе шабуылынан қорғайтын жүйе барлық дронды атып түсірген. Одессада 15 дронның 12-сі жойылған. Қалған үшеуі қаладағы оқу орындарының біріне тиесілі жатақханаға түсіп, өрт басталған. Украина жағы шабуылдан ешкім зардап шекпегенін хабарлады.

Киев қалалық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Попконың айтуынша, Украина астанасына баллистикалық зымырандармен де соққы жасалған, оларды да әуе шабуылынан қорғайтын жүйе атып түсірген. Кейбір аудандарға әуе аппаратының бөлшектері құлаған.

Украина жағы Одессаға шабуылдаған дрондарда "Мәскеу үшін", "Кремль үшін" деген жазу болғанын хабарлады.

Бұған дейін Кремльдің баспасөз қызметі 3 мамырға қараған түні "екі дрон Ресей президенті Владимир Путиннің резиденциясына шабуыл жасауға тырысқанын" мәлімдеген. Ресей жағы оған Украинаны кінәлаған. Ізінше "шабуыл жөнінде" видео да жарияланды. Украина оған қатысы жоғын айтты. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

  • Былтыр қыркүйек ортасында Украинаның қарулы күштері алғаш рет Харьков облысында ирандық дрондарды атып түсіргенін хабарлаған. Олардың айтуынша, ұзақ қашықтыққа ұшатын "Шахед-136" камикадзе-дроны шабуыл жасаған. Сол кезде оның қалдықтарынан "М214 Герань-2" деген жазуы бар бөлшек табылған. Содан бері Украина ирандық дрондарды атып түсіргенін жиі хабарлап жүр.
  • Сол кезде Иран да, Ресей де орыс армиясына дрондар жеткізілгенін жоққа шығарған. Былтыр қарашада Тегеран Ресейге дрон жеткізгенін мойындап, бірақ оларды "соғысқа дейін" бергенін айтқан. Украина қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, кемінде бір дронның бұрандасы Украинаға басқыншылықтан кейін әзірленген.
XS
SM
MD
LG