Accessibility links

Bloomberg: ЕО жанама санкция механизмін жасайды. Оған Орталық Азия елдері ілігуі мүмкін


Еуроодақ елдері Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырған елдерге жанама санкция салу тетігін қарастырып жатыр. Оған бірінші кезекте Орталық Азия елдері ілігуі мүмкін. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.

"Бұл құралдың мақсаты – [үшінші] елдердің Ресейге көмектесуін тежеу және Мәскеу пайдалануы мүмкін сауда арналарын шектеу. Егер одан нәтиже болмаса, одақ екінші қадам ретінде мақсатты түрде шектеу қою мүмкіндігін қарастырады" деп жазды Bloomberg.

Агенттіктің хабарлауынша, Ресей басқыншылығына байланысты Мәскеуге санкция салынғаннан кейін бұл елге Қазақстан, БАӘ, Түркия, Қытай және өзге елдерден бірқатар тауар түрін (жартылай өткізгіш, интеграл схема және тағы басқа) тасымалдау күрт артқан.

Батыс үкіметтерінің мәліметінше, Украинаға шабуылдап жатқан Ресейге бұл компоненттер дрондар мен зымырандарды жөндеу үшін керек.

Агенттіктің жазуынша, қазір ЕО-ның өз ішінде келіссөз жүріп жатыр, 19-21 мамырда Жапонияда өтетін "Үлкен жетілік" саммитіне дейін жанама санкция механизмі мақұлдануға тиіс. Bloomberg-тің жазуынша, жанама санкция тізіміне қандай елдер және қандай тауар түрлері кіретіні жөнінде шешімді ЕО бірауыздан қабылдайды.

Санкцияға іліккен тауар түрлерін тасымалдау жағынан Ресейге көмектесетін елдер қатарында Қазақстан да жиі аталып жүр. Наурыз айында Bloomberg былтыр Қазақстаннан Ресейге экспортталған микросхемалар мен жартылай өткізгіштер көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 300 есе көбейгенін жазған.

Ресми мәліметке қарағанда, былтыр ЕО-дан Қазақстанға тауар импорты 2 млрд долларға ұлғайып, 8 млрд долларға жуықтаған. Ал Қазақстаннан Ресейге экспорт көлемі 25 пайыз артқан.

Сәуірдің аяғында Еуроодақ, Ұлыбритания және АҚШ-тың санкция саясатына жауапты жоғары лауазымды түлғалары Қазақстанға келген. АҚШ-тың қаржы министрінің орынбасары Элизабет Розенберг Қазақстанның жанама санкцияға ілігу қаупі зорайды деп мәлімдеген.

ЕО-ның санкция саясаты жөніндегі елшісі Дэвид О'Салливан сол кезде жанама санкция механизмінен хабары жоғын, ол тек үшінші елдердегі жекелеген компанияларға салынуы мүмкін екенін айтқан.

Қазақстан үкіметі Ресейге санкциядан жалтаруға көмектесіп отырғанын мойындамаған. Сәуірдің басында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко "Ресейге нені экспорттауға болатынын-болмайтыны жөнінде бизнеске арналған нақты нұсқаулық бар" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG