Екінші дүниежүзілік соғыс соңында нацистік Германия капитуляция жасаған күні сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский Ресей нацизмі де жеңілетінін мәлімдеді. Ол Жеңіс күні ретінде 8 мамыр көрсетілген заң жобасын Украина Жоғарғы радасына ұсынғанын айтты.
Дүйсенбі, 8 мамырда Киевтегі соғыс мемориалы жанында видео үндеу жолдаған Зеленский: "Ресей қайта жаңғыртып отырған бұрынғы зұлымдықтың бәрі нацизм қалай жеңілсе, солай жеңілетін болады", - деді.
"Бұрын бұл зұлымдықты қалай бірге жеңсек, қазір де солай бірге жеңеміз" деген Зеленский сөзінше, "Кремль қазіргі агрессиясы үшін, аннексиясы, басқыншылығы мен депортациясы, жаппай қырып-жойғаны мен азаптағаны үшін жауап беретін болады.
Украина президенті үндеуін 1945 жылы нацистік Германия жасаған каптитуляция жариялаған күн - 8 мамырда жасады. 9 мамырды Ресей мен өзге де постсвоеттік елдер Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні деп атап өтеді. Зеленский Жеңіс күнін 9 мамырдан 8 мамырға ауыстыру туралы заң жобасын Жоғарғы радаға ұсынған.
"Әлем елдерінің басым көпшілігі нацизмді жеңгендерді 8 мамырда еске алып, соғыс құрбандарына тағзым етеді. Ғұмыры соғыста үзілгендердің бәрін дәл осы 8 мамырда еске түсіреді. Өйткені идеологиялық қоспасыз шындық солай", - деп жазды Зеленский Twitter парақшасына.
Украина Жоғарғы радасының төрағасы Руслан Стефанчук Зеленскийдің ұсынысын қолдай сөйлеп, "Украина бұл күнді 2015 жылдан бері өркениетті елдермен бірге атап өтіп келе жатқанын" айтты. "Ал 9 мамыр - біздің ортақ үйіміз Еуропа күні. Біз Біріккен Еуропаға жақын арада міндетті түрде ораламыз", - деді Стефанчук.
ПІКІРЛЕР