Accessibility links

Алматыда және Түркістан облысында екі белсенді әкімшілік жазаға тартылды


Түркістандық белсенді Нұржан Мұхаммедов. 10 мамыр, 2023 жыл.
Түркістандық белсенді Нұржан Мұхаммедов. 10 мамыр, 2023 жыл.

10 мамырда Алматы қаласында және Түркістан облысында екі белсенді әкімшілік жазаға тартылды.

Сәрсенбі күні Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты "сот үкімін орындамады" деп айыпталған белсенді Нұржан Мұхаммедовті бес тәулікке қамады.

Соттың мәліметінше, белсенді биыл 29 сәуірде Алматы әкімдігі алдында Қытаймен визасыз режимді ұзартуға қарсы шығып, TikTok-та видеоүндеу жариялаған. Бұған дейін "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" сотталып, әлеуметтік желіде пікір айту құқығынан айырылған белсенді осылайша "сот үкімін орындамаған".

Ал сотта белсенді өзіне тағылған айыптарды терістеді.

– Мен жеке пікірімді айттым. Бұл – менің азаматтық позициям, – деді Нұржан Мұхаммедов.

2021 жылдан бері белсенді төрт рет әкімшілік жазаға тартылып отыр.

2021 жылы 15 маусымда Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты Нұржан Мұхаммедовке "экстремистік деп танылған ҚДТ және "Көше партиясы" ұйымдарының қызметіне қатысты", "жария түрде билік өкілін қорлады" деген айыппен екі жылға бостандығын шектеу жазасын кескен. Белсендіге үш жылға дейін саяси тақырыптарға пікір білдіруге тыйым салынған. Мұхаммедов тағылған айыптарды мойындамай, аталған ұйымдарға қатысы жоғын айтқан.

Қазақстан соты екі қозғалысты "экстремистік" ұйым деп танығанымен, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.

Сәрсенбі күні Алматыда полиция "Демпартия" белсендісі Аружан Дүйсебаеваны "қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзды" (489-бап) деп айыптап, 172 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде белсендінің өзі хабарлады.

Оның айтуынша, оны 1 сәуірде Алматыда өткен "Халық парламентінің" алғашқы жиынына қатысқаны үшін айыптаған.

"Тоқаевтың полициясы келіп, айыппұл салып кетті! Масқара ғой! Алаңға шықсаң да, ғимаратта отырсаң да, қудалай береді екен ғой бұлар" деп жазды белсенді Facebook-тегі парақшасында.

Белсенді шешімді мойындамайтынын, бірақ апелляцияға шағым беруге мүмкіндігі жоғын айтты.

1 сәуірде Алматыда "Халық парламентінің" өкілдері парламент сайлауындағы заңсыздықтарды айтып, оның ресми нәтижесін жоюды талап еткен. Бұған дейін ХП-ның 9 сәуірдегі митингісіне байланысты 15-тен астам белсенді әкімшілік жазаға тартылған.

Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікір айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG