Oyan, Qazaqstan! қозғалысының мүшесі Влада Ермольчева аштық жариялады. Бұл жөнінде Oyan, Qazaqstan! қозғалысы хабарлады.
Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, 11 мамырда апелляциялық сот өтіп, оны 15 тәулікке қамау туралы шешім өзгеріссіз қалған. Адвокаты Талғат Миерманов белсенді қамаудағы мерзімі біткенше аштық жариялайтынын хабарлады.
Адвокат Азаттыққа белсенді аштық жариялағанын растап, қалған сұрақтарға кейін жауап беретінін айтты.
Ал белсенді қамауда отырған мекеменің кезекшісі Бауыржан Мамыталы Азаттыққа белсендіден "аштық жариялағаны туралы ескерту түспегенін", Влада Ермольчеваның "жағдайы жақсы" екенін айтты.
Бұған дейін адвокат Талғат Миерманов Ермольчеваның сотында көптеген процестік заңсыздық болғанын айтқан. Белсенді шешімге келіспей, апелляцияға жүгінген.
Oyan, Qazaqstan! белсенділері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповті сот осы демалыс күндері "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған. Екі белсенді президент және парламент сайлауына қатысты наразылық акциялары үшін сотталды. Белсенділер шешімге қарсы болған.
9 мамырда Oyan, Qazaqstan! әкімшілік жаза бойынша қамалғандарға арналған (Лобачевский көшесіндегі) изоляторда отырған Дархан Шәріповтің хатын жариялаған. Онда белсенді изолятордағы уақытын қалай өткізіп жатқанын айтып, жақтастарын уайымдамауға үндеген.
"2022 жылғы 22 қарашада алаңға шығып, төрт жақтасыммен бірге "Әділ сайлауға жететін күн бар ма?" деген плакат ұстап тұрдық. Біз Қазақстандағы бар жарқын нәрсенің квинтэссенциясы сияқтымыз, бес адам болып 19 миллион азаматтың "Қазір болмаса, қашан?" деген құқығын қорғап жүрміз. Азаматтық позицияңыздан ұялмауыңыз керек, еркін ой айтқан азаматты түрмеге қамайтын президент пен мемлекет ұялуы керек. Құқығы мен бостандығы үшін күресетін бір-ақ адамы болса, ондай елдің болашағынан күмәнданбаймын" деп жазды белсенді.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтардың пікір айту және бейбіт жиналу құқығын бұзады деп жиі сынайды. Елде атқару органдары бейбіт жиын өткізу туралы белсенділердің ескерту-хаттарын, хабарламаларын жиі кері қайтарады. Ал "рұқсат етілмеген акцияға" қатысқандар "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" әкімшілік жазаға тартылады. Ресми Астанаға 2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу тәртібі" туралы заңды халықаралық нормаға сәйкестендіру туралы ұсыныс айтылған.
ПІКІРЛЕР