Accessibility links

30 күндік визасыз режимге қарсылар қамалып жатқанда, 70-ке толған Тоқаев Қытайға барды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

17 мамырда Алматыда полиция тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" партиясының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлын алып кеткен. Бұл туралы оның адвокаты Шынқуат Байжанов хабарлады.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Мақсұтханұлы оған Әуезов аудандық полиция басқармасында әкімшілік сотты күтіп отырғанын айтқан. Әлеуметтік желіде Мақсұтханұлының жақтастары тіркелмеген партия жетекшісін дереу босатуды талап еткені байқалды. Олардың кейбірі "мұның астарында Қытайға жағыну жатыр" деп есептейді.

Бұл жөнінде Алматы қаласының полиция департаментінен пікір алу мүмкін болмады. Алайда адвокат Шынқуат Байжанов Бекзат Мақсұтханұлын "тіркелмеген ұйым жұмысына қатысу" бабы бойынша айыптауы мүмкін дейді.

Бұған дейін Бекзат Мақсұтханұлы Nagyz Atajurt Kazakh Human Rights ұйымының YouTube-арнасында 17 мамырда митингіге шығатынын мәлімдеген. Митингіде Қазақстан мен Қытай арасында "визасыз тәртіп енгізу туралы" Қытайдың Сиань қаласында қол қойылуы мүмкін келісімге қарсылық білдіретінін айтқан Мақсұтханұлы митинг өткізетінін бұған дейін әкімдікке хабарлағанын, рұқсат етілмейтіні туралы хат алмағанын жариялаған.

Қазақстан билігі бұған дейін Қытаймен арада 30 күндік визасыз режим енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Осыдан кейін қарсылық өршіп, Қытаймен визасыз режимді біржола тоқтату туралы да талап айтыла бастаған.

Былтыр шілдеде Қазақстан Қытай азаматтарына 14 күндік визасыз режим ашқан еді. Жұмыс істеу құқығын бермейтін, бірақ туристік, іскерлік байланыстар мақсатына пайдалануға болатын мұндай режимді Қазақстан Үндістан мен Иран азаматтарына да ашқан.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-те президент Қасым-Жомарт Тоқаев 17 мамырда Қытайға мемлекеттік сапармен барғанын жазды. Сапар барысында Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі.

"Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылады" деді Руслан Желдібай.

Тоқаев 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және Сиань қаласындағы құрлық портында Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне, 19 мамырда "Орталық Азия – Қытай" саммитіне қатысады. Тоқаев Сиань қаласындағы Қазақстан бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне де барады.

Қазақстан басшысы Қытайға сапары кезінде, 17 мамырда 70 жасқа толды. 2019 жылы да ол Қазақстан экономикасындағы Қытай үлесін көбейтуге қарсылық болып жатқан кезде Қытайға мемлекеттік сапармен барған.

Сейсенбі, 16 мамырда Павлодар облысының белсендісі Әсет Нұрсұлтанұлы "Қытай азаматтарының визасыз кіруіне" қарсылық білдіру үшін бейбіт жиынға шығатынын және ол туралы әкімдікке хабар бергенін жариялаған. Әсет Нұрсұлтанұлы жариялаған видеода белсендіге полицейлер келіп, әңгімелесуге шақырып тұрғаны көрінеді. Белсенді шақыру қағаз берілмесе, полиция бөлімшесіне бармайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG