Accessibility links

"Бүйткенше, боксшы болғаным жақсы еді". Кинематографистер айыппұл салынғанын мәлімдеді


Баспасөз жиынын өткізіп отырған кинематографистер. 17 мамыр, 2023 жыл
Баспасөз жиынын өткізіп отырған кинематографистер. 17 мамыр, 2023 жыл

Алматыда Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысына наразылық білдірген сегіз адам полиция бөлімшесіне шақырылған. 16 мамырда олардың төртеуінің ісі бойынша онлайн сот өтіп, 70 мыңнан 170 мың теңгеге дейін айыппұл салған. 17 мамырда кино саласының наразы мамандары баспасөз мәслихатын өткізіп, заңсыз қудаланып жатқанын, кино саласындағы мәселеге ешкім назар аудармағанын айтты.

17 мамырда тағы төрт адамның соты өтеді. Оларға "заңсыз митингіге қатысты, ұйымдастырды" деген айып тағылған. Наразылар айыпқа келіспейді, қарсылық акциясы үшін қудалау заңсыз деп есептейді.

– Алдыңғы күні маған қоңырау шалып, полиция бөлімшесіне шақырды. Барсам, митинг ұйымдастырған адамдарды жинап, сотқа берген. Біз азаматтық қоғамды қалаймыз. Митингіні рұқсатсыз өткіздіңдер дейді. Біз митингіде көшеге шығып, саяси талап қойған жоқпыз. Оны жай акция, перформанс деуге болады. Онда өндіріс, мәдениет бойынша талаптар қойдық, – деді Ата prodaction студиясының басшысы, анимация суретшісі Ғали Мырзашев.

Өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай баспасөз мәслихатына боксшы қолғабын киіп келді. Ол бұл перформансты күйінгеннен істегенін айтты.

– Қаламымды, домбырамды тастап, абзалы, спортшы, боксшы болғаным жақсы еді. Сонда мені президент кеше боксшыларды қабылдағандай қабылдайтын ба еді?! Соны көрген ұрпақ не болады? Бәрі боксшы боламыз дейді. Бәрі күшке салғысы келеді, қырып жойғысы келеді. Мәдениет, өнер нәзік нәрсе емес пе? Біздің билік өнерпаздардың соңына түсіп жатыр. Қазақ киносының тарихында мұндай оқиға бірінші рет болып тұр. Режиссерлерді қудалау, сценариске айыппұл төлету, полицияға сүйреп апарып, соттау, онлайн соттау Сталин кезінде де болмаған шығар. Прокурор сөйлескісі де келмейді. Экранның арғы жағында онлайн соттап жатыр. Айыппұлды, әрине, төлейміз, біз заңға бағынамыз, – деді Ерлан Төлеутай.

Наразылар сот кезінде айыппұл төлеуге шамасы келмейтінін, оның орнына 15 тәулікке қамауды сұраған. Алайда сот олардың өтінішін орындамаған.

Актер Азамат Шарғын мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшылығы мәселені шешуге құлықсыз деп біледі. Оның айтуынша, кино мамандары қысымға қарамастан, наразылықты тоқтатпайды.

– Біз тоқтамаймыз. Мәселе шешілмесе, талаптарымыз орындалмаса, мәдениет министрлігінің, Ақорданың алдына жиналамыз. Мәселе үкіметке жетуі керек. Бізді қудалау да, 15 тәулікке қамау да, айыппұл да тоқтата алайды, – дейді ол.

Бір топ режиссер, сценарист пен продюсер Алматыда 12 мамыр күні наразылыққа шыққан. Олар мемлекеттің кино саласына ақша бөлу тәртібін сынға алды. Жиналғандар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын "байқауды әділетсіз өткізді, заңды өрескел бұзды" деп айыптаған. Митингіде тәуелсіз комиссия құруды, іріктеуді қайта өткізуді талап етіп, заңбұзушылық анықталса, орталық басшыларын жауапқа тартуға шақырған.

Байқауға биыл 290 өтінім түсіп, оның 130-ы ғана жобасын қорғауға мүмкіндік алған. Киноны қолдау орталығы байқау заңға сай өтті деп есептейді. Бүгін Азаттық мәдениет министрлігіне де хабарласты. Ведомство бұл мәселеде Ұлттық киноны қолдау орталығының ұстанымына келісетінін жеткізді, басқа сұраққа жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG