Халықаралық зерттеушілер тобы Ресей Украинадағы соғыста қолданып жатқан бөлшектерге Қазақстан арқылы қол жеткізіп отырғанын анықтады. "Санкцияны бұзу. Дрондар мен чиптер Ресейге Қазақстан арқылы қалай жетеді?" деген жаңа зерттеуде Қазақстанда тіркелген, Ресейге миллиондаған долларға дрондар мен электронды бөлшектер жеткізіп жүрген компаниялардың аты аталды.
19 мамырда жарияланған зерттеу авторлары қатарында "Важные истории" жобасы, Der Spiegel басылымы, Organized Crime and Corruption Reporting Project және қазақстандық "Власть" ақпараттық сайтының қызметкерлері бар.
Журналистер Қазақстан арқылы Ресейге санкцияға ілінген тауар тасымалдап жүрген "Аспан Арба" компаниясын тапқан. 2022 жылы сәуірде Алматыда тіркелген компания өзін дрон шығарумен айналысатын DJI компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі деп таныстырады. Директоры – Михаил Сапожников.
Зерттеушілердің дерегінше, былтыр аталған фирма DJI компаниясының 500-ге жуық дронын Ресейге сатқан. Қытайлық DJI компаниясы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін былтыр көктемде Мәскеуге тауар сатуды тоқтатқан.
Зерттеушілер анықтаған деректерге қарағанда, "Аспан Арба" компаниясы Қазақстанға жалпы құны 45 миллион доллар болатын 18 мың дрон жеткізуге лицензия алған. Фирма дрондарды DJI-дың Нидерландта орналасқан еншілес компаниясы DJI Europe-тан сатып алады.
Компания Еуропадан сатып алып, Қазақстанда тіркеткен қытайлық дрондардың бір бөлігін Ресейдегі "Небесная механика" компаниясына сатып үлгерген. "Аспан Арба" компаниясының иегері Сапожников бұрын Илья Голбергпен бірге "Небесная механика" компаниясын басқарған.
Зерттеушілердің дерегінше, Ресей "Небесная механика" дрондарын краудфандинг науқанынан жиналған ақшаға Украинадағы соғыста қолдану үшін сатып алады.
"Ресейлік әскерилер арасында [DJI дрондары] танымал болғаны соншалық, бір серияның атауы жалқы есімге айналып кетті: қазір дрондардың бәрін “мавик” деп атайды (Mavic DJI дрондарының танымал моделі – ред.)" делінген зерттеуде.
DA GROUP 22
Қазақстанда тіркелген, соғыста қолданылатын санкциялық тауарлардың реэкспортына атсалысып жүрген компания Da Group 22 деп аталады. Компания былтыр наурызда Астанада тіркелген. Басшысы – Александр Чернет.
Зерттеу авторлары Чернет Германияда тұратын ресейлік Евгений және Елена Чернеттердің ұлы дейді. Олар Германияда Elix-st, Ресейде "Эликс-М" компанияларына иелік етеді. Аталған кәсіпорындар электрмагнитті толқындарды жұтатын тауарлар шығарады. Олар әдетте әскери техниканың радиолокациясын өзгертіп, жасыру үшін қолданылады. Фирманың клиенттері – Ресейдің қорғаныс саласындағы кәсіпорындар.
Зерттеуге сәйкес, Германиядағы Elix-st қазақстандық Da Group компаниясына 800 мың долларға бөлшектер жіберген. Da Group оны Ресейдегі "Стэк" компаниясына сатады. "Стэк" Ресейдің қорғаныс саласындағы кәсіпорындарға қызмет көрсетеді.
"2023 жылы қаңтарда Da Group Elix-st компаниясынан Onsemi маркасының 2598 интеграл микросхемасын алған. Дәл сол айда 2598 микросхеманы Германиядан Ресейдегі "Стэк" компаниясына жіберген. Соғысқа дейін 2018–2021 жылдары Elix-st Қазақстанға тауар тасымалдамайтын, тек Ресеймен жұмыс істейтін" делінген зерттеуде.
Зерттеу авторларының айтуынша, 2022–2023 жылдары "Стэк" Қазақстаннан 4,2 миллион долларға бөлшек (интеграл схема, диод, транзистор және басқа да тауарлар) сатып алған".
ЦИФРЛАР МЕН ФАКТІЛЕР
Зерттеуде Қазақстаннан электронды бөлшек экспорттайтын ресейлік "Прайм-эк" компаниясы аталады. Журналистер бұл компания ресейлік "Прайм" компаниясымен байланысты деп есептейді. "Прайм" зерттеушілер Ресейдегі негізгі қару өндіруші деп атайтын "Ростех" мемлекеттік корпорациясына тауар сатады.
Зерттеуде "Прайм-эк" компаниясының Қазақстан арқылы Ресейге тауар жеткізу сызбасы толық сипатталмаған.
Журналистердің айтуынша, Германиядағы Elix-st Da Group компаниясына тауар жібергенін растаған. Бірақ бұл видеотіркеуге қолданылатын бөлшектер деп ақталған. Олар Чернет отбасының Da Group компаниясына қатысы барын жоққа шығарған.
"Небесная механика", "Стэк", Da Group, "Прайм" және "Прайм-эк" иегерлері зерттеушілермен байланысқа шықты.
Видео: "Тоқаев пен Тасмағамбетовке санкция". Open Dialog ұйымы "Қазақстан Ресейге көмектесіп жатыр" дейді (26 сәуір 2023 жыл).
Авторлардың дерегінше, соғыс басталмай тұрып Қазақстан көп дрон сатып алмайтын. Сондықтан тауардың бұл түрі жалпы сауда статистикасына кірмейтін. 2022 жылы дрон импорты 5 миллион долларға жетті. Ресейге экспорт көлемі миллион долларға жуықтайды.
Зерттеушілер Қазақстан мен Ресей арасындағы импорт пен экспорттың артуын былай көрсетеді:
"Микрочип импорты күрт өсті: ресми деректерге сәйкес, 2021 жылы Қазақстанға 35 миллион доллардың бөлшектері жеткізілген, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш артып келеді. 2022 жылы импорт екі есе өсіп, 75 миллион доллардан асты. Бұрын Қазақстаннан Ресейге бағытталған микрочип экспорты 245 мың доллар болса, қазір бұл көрсеткіш 70 есе артып, 18 миллион долларға жетті" делінген зерттеуде.
Қазақстан санкцияға ілінген тауарларды Ресейге жеткізетін ел ретінде жиі аталады. Батыс елдерінің мәліметінше, соғыста әскери мақсатта, оның ішінде Украинадағы бейбіт халықты қыру үшін қолданылатын бөлшектер мен тауарлар алаңдаушылық туғызып отыр.
Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін Қазақстанға қарсы жанама санкциялар қолданылуы мүмкін деп бірнеше рет айтылған. Кейінгі кездері Еуроодақ жанама санкциялар механизмін қарастырып жатыр деген ақпарат тарады. Батыс басылымдары бұл шектеулер Қазақстанға қарсы бағытталуы мүмкін деп топшылайды.
Қазақстан билігі Ресейге қарсы санкциялық режимді қолдамайды. Бірақ Мәскеуге Батыстың экономикалық шектеулерін айналып өтуге көмектесіп отырған жоқпыз, территориямызды мұндай мақсатқа пайдалануға жол бермейміз" деп бірнеше рет мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР