Accessibility links

Орал соты "Халық жемқорлыққа қарсы" бірлестігінің жетекшісі Аслан Өтеповті 7 жылға бостандығынан айырды


Қамауда отырған Аслан Өтепов. Орал, 13 наурыз 2023 жыл
Қамауда отырған Аслан Өтепов. Орал, 13 наурыз 2023 жыл

23 мамырда Орал қаласының соты "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аслан Өтеповті жеті жылға бостандығынан айырды.

Сот оны "алаяқтық" және "пара беруге оқталу" баптары бойынша кінәлі деп таныды. Шешімді оқыған Орал қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Роза Сариева "Аслан Өтеповтің кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің сөздерімен және іс материалдарымен дәлелденді" деді.

Аслан Өтепов өзіне тағылған айыпты сотта да теріске шығарып, сот үкіміне келіспейтінін, апелляция шағымын түсіретінін айтты.

– Әзірге оған ақшам жоқ, бірақ бірдеңе ойластырармыз, – деді ол.

Аслан Өтепов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іске қарсы болып, 21 мамырда бастаған аштық акциясын тоқтатпайтынын айтты.

Айыптау жағының нұсқасына қарағанда, былтыр ақпанда Аслан Өтепов таныс кәсіпкер Оксана Байсариевадан жеміс-жидек сататын сауда алаңқайын алу үшін шенеуніктерге пара ретінде беретін 800 мың теңге алған. Кәсіпкер тағы 100 мың теңгені жеңілдікпен ипотека алуға көмектеспек болғаны үшін берген. Қылмыстық істе Байсариева Өтеповке тағы да 250 мың теңге бергені, бірақ оған жемқорлықпен күрес қызметкерлері белгі сап жібергені айтылады.

Сот шешімі бойынша, Өтепов сот жүйесінде, мемлекеттік қызметте, банк пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.

Өтеповтің адвокаты оны ақтап, босатуды сұраған. Жәбірленуші "жалған куәгерлік еткенін және бұл іске заңгер Өтепов әлеуметтік желіде сынаған адамдар мүдделі болғанын" алға тартқан.

"Трамадол" дәрісін рецептісіз сатуға қарсы шығып жүрген қоғам белсендісі, заңгер Аслан Өтепов былтыр желтоқсанда қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG