Ресейдің Амурдағы Комсомольск қаласында оқитын тәжік студенттерін күш құрылымдары өкілдері ұрып-соққаны туралы хабар тарады.
Бұл мәлімдемеге қатысты Ресей билігі мен Тәжікстан елшілігі әзірге жауап бермеді.
Студенттердің сөзінше, оқиға 19 мамырда таңертең оқу орнының жатақханасында болған.
Аты-жөнін айтуды қаламаған студенттердің бірінің сөзінше, арнайы жасақ ФСБ өкілдерімен аяқастынан келіп, жатақханадағы бейнебақылау камераларын өшіріп, студенттерді ұрып-соға бастаған. Бетіне маска таққан, тапанша мен электрошокер ұстаған күш құрылымдары өкілдері тәжік студенттерінің барлық құжатын, телефондарын тартып алған. 15 студент ауыр дене жарақатын алған. Олардың біреуіне ота жасатуға тура келген.
20 мамырда студенттер Ресейдегі Тәжікстан елшілігіне хабарласып, көмек сұраған.
Студенттердің айтуынша, құзырлы органдар бұған дейін де оқу орнында "құжат тексеру" рәсімін жүргізген, алайда студенттер алғаш рет соққыға жығылып отыр.
Жатақхана мен университет әкімшілігі күш құрылымдары өкілдерінің дөрекі әрекетінің себебін түсіндіре алмаған. Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі студенттерге дүйсенбі күні хабарласуға уәде бергенімен, сол күйі хабарласпаған.
Кейінгі аптада Азаттықтың Тәжік қызметіне Ресейдің түрлі аймағынан күш құрылымдары тәжік мигранттарын тексеріп, "сайқымазаққа айналдырғаны" туралы ондаған бейнеролик келіп түскен. Мигранттардың тұрғылықты орны мен жұмысы тексерілген.
Мәскеу облысы Котельники қаласында түсірілген бір видеодан бірнеше мигрант арнайы жасақтан қашып жүргені көрінеді. Видеоны түсіріп тұрған адамның арнайы жасақтың әрекетін "құптап", мигранттарды ұнатпайтыны байқалады.
Кей ақпаратқа қарағанда, өткен аптада Мәскеу түбінде тұратын азамат президент Владимир Путинге хат жазып, өзі тұратын ауданда мигранттар көбейіп кеткенін, енді көшеге шығудан қорқатынын жеткізген. "Мигранттарға қарсы қудалау акциясы" содан кейін басталған.
19 мамырда президент жанындағы ұлтаралық қатынастар кеңесінің отырысында Владимир Путин "елге келетін мигранттар біздің заң мен дәстүрімізді сыйлауы керек" деп мәлімдеген.
Құқық қорғау ұйымдары Ресей билігі мигранттарды қудалап, құқығын бұзатынын айтады.