Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы өткізу бекетінде жүк тасымалының шамадан тыс көптігінен бақылау күшейтілген. Бұл жөнінде Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Мекеменің мәліметінше, тараптар проблеманы шешу үшін тиісті шараларды қолға алуға келіскен.
"Біршама тұрып қалған жүк көліктерін қайта жөнделіп жатқан кеден бекеттері арқылы өткіздік. Қазір өткізу бекеттерінде бақылау барынша күшейтілді. Бақылау операциясын жылдам жүргізу үшін қосымша штаттар алынды. Қазір тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшті" делінген хабарламада.
Өзбекстан мен Қазақстан жүк пен көлік өткізуді ұлғайту жөнінде келісімге келген.
Әдетте мамыр айында Қазақстанға көкөніс тасымалдау көбейеді. Тауар Қазақстан арқылы Ресейге жөнелтіледі. Қазір Түркістан облысындағы өткізу бекетінде күніне 900-1000 жүк көлігі Қазақстанға өтіп жатыр.
Бұған дейін қазақстандық ақпарат құралдары Түркістан облысында Өзбекстанмен шекарадағы кеден бекетінде жүздеген жүк көлігі өте алмай тұрғанын жазған. Кейбір жолаушылар мұндай жағдай бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқанын айтқан.
Жергілікті органдар "Қапланбек" ірі өткізу бекеті жөндеуге жабылғаннан кептеліс болды деп түсіндірген. Сол себепті бар салмақ үш пунктке түскен, онда да екеуі ішінара істеп тұр деп айтылады.
ПІКІРЛЕР