2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан 24 мамырда кешкісін Қайрат ықшамауданындағы үйіне полицейлер келгенін хабарлады.
Айлар бойы қызының өлімін халықаралық дәрежеде тергеуді талап етіп келген Айдос Мелдехан мұны өзі мен отбасына қысым деп бағалайды.
– Менің жағдайымда мұны саясатпен ғана байланыстырамын, – деді Айдос Мелдехан.
Айтуынша, 24 мамырда өзі үйінде жоқ кезде пәтерінің қоңырауы шырылдаған. Ұлы Бауыржан тұтқаны көтерген кезде қоңырау шалғандар "тысқа бірер сөзге шығып кетуін" сұраған.
– Ойында ештеңе жоқ, ол подъезге шыққан. Келгендер оны полиция департаментіне алып кетуге тырысқан. "Сол жақта бәрін түсіндіреміз" деген. Сол кезде ұлым маған хабарласты, – деді Азаттыққа Айдос Мелдехан.
Оның айтуынша, ұлы хабарласқан кезде дәл үйіне таяп қалған екен. Ол келіп, ұлын әкетуге рұқсат бермеген.
– "Ресми түрде шақыру қағазын беріңіздер. Шақырусыз ұлымды жібермеймін" дедім, – дейді Айдос Мелдехан.
Оның сөзінше, келгендер өздерін Алматы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері деп таныстырған. Олар не үшін келгенін және ұлын не себепті әкетпек болғанын түсіндірмеген.
Азаттық бұл жөнінде Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен жауап ала алмады.
Айдос Мелдеханның айтуынша, жуырда анасы көз жұмған.
– Анамнан айырылдым. Ол немересінің оққа ұшқанын көтере алмай, қайғыдан қан жұтып, өмірден өтті. 19 мамырда қырқын өткіздік, – деді Айдос Мелдехан.
Айдос Мелдеханның 19 жастағы ұлына былтыр сәуірде әскерге шақыру келген. Ұлы оқу орнына түскісі келгендіктен, білім мекемесі оған әскерге баруды кейінге қалдыруға мүмкіндік беруге тиіс болған. Соған қарамастан, оны әскерге алып кеткен. Қазір ол қарулы күштерде әскерде жүр. Айдос Мелдеханның сөзінше, жуырда ұлы Айкөркемнің қазасына тікелей және жанама қатысы бар адамдардың аты-жөнін жаза бастаған.
Былтыр Қаңтарда елде жаппай наразылық пен тәртіпсіздік кезінде оқ ату туралы бұйрық берілгеннен кейін көп адам оққа ұшқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқ ату жөнінде бұйрық бергенін 2022 жылы 7 қаңтарда мәлімдеген. Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза тапты. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.
Айдос Мелдеханның айтуынша, Айкөркемнің қазасына байланысты істе әлі күнге дейін бір ғана күдікті – жас офицер бар. Тергеу органдары оны "билік өкілетін асыра пайдалану" бабымен жауапқа тартқысы келеді. Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты тергеу органдары кішкентай қыздың өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келетінін айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл істе куәгер ретінде өтіп отыр.