Accessibility links

Билік тіркелмеген оппозициялық партия лидері Марат Жыланбаевты екі айға қамады


Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы Марат Жыланбаев парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлау күні оппозиция митингісі өтеді деген жерде тұр. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы Марат Жыланбаев парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлау күні оппозиция митингісі өтеді деген жерде тұр. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.

Астананың тергеу соты Қазақстан билігіндегі шенеуніктерге "Путинге көмектескені үшін" санкция салуға шақырған оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевты екі айға қамады. Билік оны "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысқан", "экстремистік ұйым жұмысын қаржыландырған" деген күдікпен ұстаған. Жыланбаев айыпты мойындамайды деді адвокаты.

"ӘБЛЯЗОВПЕН БАЙЛАНЫСТА БОЛҒАН"

25 мамыр күні Астана қаласының тергеу соты тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаевты тұтқындауды сұраған тергеушілердің талабын орындады. Үш аптаға жуық әкімшілік қамауда отырып шығысымен қайтадан ұсталған Жыланбаев енді тағы 23 шілдеге дейін абақтыда болады.

Гиннесстің рекордтар кітабына еніп, дүйім жұртқа танылған супермарафоншы, кейінгі жылдары билікті сынап, наразылық акцияларына қатысып жүрген 60 жастағы Марат Жыланбаев Қылмыстық Кодекстің 405-бабы ("сот тыйым салған ұйымның жұмысына қатысу") мен 258-бабында ("террористік не экстремистік әрекетті қаржыландыру") көрсетілген іс-әрекетке барған деген күдікке қалып отыр. Қазақстанда билік 405-бапты көбіне оппозициялық ұстанымдағы адамдарды қудалауға қолданады.

Судья Георгий Моисеев бейсенбі күні онлайн режимде өткен сот отырысына Марат Жыланбаев пен адвокатының және прокуратура өкілінің ғана қатысуына рұқсат етті.

Белсенділер (оңнан солға қарай) Марат Жыланбаев, Бибігүл Иманғалиева мен Амангелді Жахин "Алға, Қазақстан" партиясы бастамашыл тобының құжатын әділет министрлігі сегізінші рет қайтарғанын айтады. Астана, 15 желтоқсан, 2022 жыл.
Белсенділер (оңнан солға қарай) Марат Жыланбаев, Бибігүл Иманғалиева мен Амангелді Жахин "Алға, Қазақстан" партиясы бастамашыл тобының құжатын әділет министрлігі сегізінші рет қайтарғанын айтады. Астана, 15 желтоқсан, 2022 жыл.

Тергеу органы қаулысында Астана қаласы полиция департаментінің экстремизммен күрес басқармасы Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын (Еуропарламент оны бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған – ред.) ұйымдастырушылар мен қатысушылардың әлеуметтік желідегі чатында Марат Жыланбаев барын анықтағанын жазған. Қаулыда Жыланбаев ҚДТ-ның негізін қалаған оппозициялық саясаткер, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовпен және оның "шетелдегі штабымен байланыста болып, олардан конституциялық құрылымды өзгертуге бағытталған тапсырма мен нұсқаулар алып отырғаны" айтылған.

"Жыланбаев Қазақстанда ҚДТ қозғалысына сот тыйым салғанын біле тұра, Әблязов шақырған рұқсат етілмеген митингілерге қатысқан, оны әлеуметтік желілер арқылы насихаттаған" деген тергеу орындары ол былтырдан бері қатысқан митингілерді тізіп, Әблязовтің әлеуметтік желіде Жыланбаевтың жазбаларын бөліскенін дәлел ретінде келтірген.

"2023 жылы Жыланбаев Астана қаласында жүріп, ҚДТ экстремистік ұйымының жұмысына белсене қатысты. 4 ақпанда Шымкенттегі ҚДТ белсендісіне 500 мың теңге аударған" дейді тергеу орны.

Адвокат Мейіржан Досқараевтың айтуынша, Жыланбаев тергеу орындарының уәжіне үзілді-кесілді келіспейді.

– Сотта Жыланбаев ешқандай экстремистік ұйымның мүшесі емес екенін, былтырдан бері "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркете алмай жүргенін айтты. Ол "Мені экстремистік ұйымды қаржыландырды дегені – нағыз өтірік. Мәжіліске кандидат болғанымда шотыма ақша түсті. Оны "Алға, Қазақстан" атынан мәжіліске түскен кандидаттарды қолдау үшін жібергенім рас. Митингіге барсам, ол үшін алдын ала ескерту бердім. 20 рет өтініш жаздым. Бірде-біріне рұқсат берген жоқ. Ешқандай заңды бұзған жоқпын" деп мәлімдеді, – дейді адвокат.

Белсенді Марат Жыланбаевтың митинг өткізетіні туралы Астана қалалық әкімдігіне жолдаған хабарламалары. Смартфон экранынан скриншот.
Белсенді Марат Жыланбаевтың митинг өткізетіні туралы Астана қалалық әкімдігіне жолдаған хабарламалары. Смартфон экранынан скриншот.

Жыланбаев былтырдан бері Астана әкімдігіне елде саяси белсенділерді қудалауды тоқтатуды, Қаңтар қырғынын халықаралық сарапшыларды қатыстырып тергеуді талап етіп, Ресейдің Украинадағы агрессиясын айыптайтын бейбіт митинг өткізетіні туралы 20 шақты хабарлама жазған. Билік митинг өткізуге келісім бермеген.

Астана қаласының полиция департаменті Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сұрақтарға жауап берген жоқ.

ӘКІМШІЛІК ҚАМАУДАН ШЫҒЫСЫМЕН АБАҚТЫҒА ҚАЙТА ЖАПТЫ

Марат Жыланбаев биыл 17 наурызда Астанадағы Еуроодақ құрамындағы мемлекеттердің елшіліктері отырған ғимарат алдында саяси партияларды тіркеуді, саяси тұтқындарға бостандық беруді талап еткен наразылық акциясын өткізген.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеуді талап еткен белсенділер Еуроодақтың Астанадағы өкілдігі алдында акция өткізіп тұр. 17 наурыз, 2023 жыл.
"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеуді талап еткен белсенділер Еуроодақтың Астанадағы өкілдігі алдында акция өткізіп тұр. 17 наурыз, 2023 жыл.

Оған қатысқандар Батыс елдерін Украинаға басқыншылық соғыс ашқан Ресей президенті Владимир Путинге "көмектескені үшін" Қазақстан билігіне санкция салуға да үндеген. Жыланбаев жергілікті әкімдіктің рұқсатынсыз шара өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 3 мамырда сот шешімімен 20 күнге қамалған.

23 мамыр күні таңертең жақтастары белсендіні абақтының алдында күткенімен, Жыланбаевты шығармады. Оны полицияның экстремизммен күрес басқармасына әкеткені кейін белгілі болды. Адвокаты марафоншы қайда екенін "102" қызметіне хабарласып әзер анықтағанын айтты. Оны Жыланбаевқа бір күннен кейін ғана жолықтырған.

Сол күні полиция Жыланбаевтың Астана қаласының сыртындағы үйіне тінту жүргізіп, флешка, телефон мен "Алға, Қазақстан" деген жазуы бар бірнеше шолақ жейде алып кеткен. Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жөнінде түсінік бермеді.

Қамаудағы Марат Жыланбаевтың үйін полиция тінтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

СУПЕРМАРАФОНШЫ ОППОЗИЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ

Марат Жыланбаев – 1990 жылдары Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория, Невада шөлдерін жүгіріп өтіп, Гиннесстің рекордтар кітабындағы көрсеткішті жеті мәрте жаңғыртқан әлемдегі жалғыз ультрамарафоншы. Қазақстанды 30 жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы көктемде президент қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырғаннан кейін елде биліктен өзгерістер талап еткен белсенділер қатары жаңа адамдармен толықты. Солардың арасында Марат Жыланбаев та болды.

2019 жылы жазда кезектен тыс президент сайлауы әділ өткен жоқ деген наразы адамдармен бірге ел астанасындағы оң жағалауға жиналып, билікті сынап ой-пікірін айтқан Жыланбаевты полиция ұстап әкеткен. Содан бері ол талай рет наразылық митингілеріне шықты. Билік оны бес мәрте қамап, айыппұл салып жазалады.

2023 жылғы наурыздан бері Жыланбаев – тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы бастамашыл тобының лидері. Осы аптада бастамашыл топ әділет министрлігіне 15 рет құжат тапсырды. Билік әр жолы "тіркеуге берген құжаттар заң талабына сай емес" деген жалпылама сылтау айтып, оппозициялық ұйымды тіркемей отыр.

"Алға, Қазақстан" белсенділері әділет министрлігіне тағы да құжат тапсырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

Жыланбаев елде Назарбаев кезінен бері еш нәрсе өзгермегенін, сайлау бәз-баяғыдай әділетсіз өтетінін, оппозициялық белсенділерді қудалау жалғасып келе жатқанын айтып, президент Тоқаевтың саясатын жиі сынайды.

Ол биыл көктемде парламент мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін төлейтін жарна қымбат болғандықтан, қолдаушыларынан әлеуметтік желі арқылы жылу жинаған. Осы жазбасы үшін билік "уақытынан бұрын үгіт-насихат жүргізді" деп, Жыланбаевтың үстінен әкімшілік іс қозғады.

Депутаттыққа кандидат Марат Жыланбаевтың Қаңтар оқиғасын зерттеу және зардап шеккендерге өтемақы төлеу, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасын тергеу тәрізді талаптар тізілген сайлауалды бағдарламасын Астанадағы баспаханалар басып шығарудан бас тартты. Ал үгіт-насихат енді қыза бастаған шақта билік Марат Жыланбаевты "үгіт-насихатты мерзімінен бұрын бастады" деген желеумен сайлаудан шеттетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG