Accessibility links

Құлсарыда "Атырау жарық" коммуналдық кәсіпорнының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті


"Атырау жарық" кәсіпорны. Акционерлік қоғамның ресми сайтынан алынған сурет.
"Атырау жарық" кәсіпорны. Акционерлік қоғамның ресми сайтынан алынған сурет.

25 мамырда Атырау облысы Құлсары ауданының орталығы Құлсары қаласында "Атырау жарық" коммуналдық кәсіпорнының жұмысшылары жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, наразылық білдірді. Ереуіл болғанын растаған кәсіпорын басшылығы маусымнан бастап жалақы 20 пайыз өсетінін айтты. Ал жұмысшылар айлықты кемінде 50 пайыз өсіруді талап етіп отыр.

Құлсарыдағы ереуіл туралы ақпаратты алғаш болып оппозициялық "Бәсе" телеграм-арнасы жариялады. Онда арнайы киім киген бір топ адам "Атырау жарық" деген үлкен жазуы бар мекеме алдында талап айтып тұрғаны көрінеді.

"Біз жалақыны кемінде 50 пайыз көбейтуді және жұмысқа қажет барлық затпен қамтамасыз етуді талап етіп отырмыз" деді наразылар.

Жұмысшылардың бірі 92 мың теңге айлық алатынын, қымбатшылық жағдайында бұл ештеңеге жетпейтінін атап өтеді.

"Жалақымыз төмен. Тіпті тамаққа да жеткізе алмай отырмыз. Біз пәтерге төлейміз бе, балаларымызға киім аламыз ба?" дейді наразы әйелдердің бірі.

Жұмысшылар сөз арасында өздеріне "жұмыстан шығарамыз" деп қысым жасалып отырғанын да жеткізеді.

Бақытжан есімді жұмысшы арнайы киім берілмейтінін, берілген кейбір киімнің сапасы нашар екенін айтады. "Өзімізге сәйкес келетіні болмағандықтан, өлшемі кіші киімдерді киюге мәжбүрміз" дейді олар.

"Бізге [матадан тігілген] осындай қолғап берді. Біз 1000 вольттық токпен жұмыс жасаймыз. Ондайда былғары резеңкеден тігілген қолғап болуы керек. Ондай бермейді" дейді жұмысшы. Видеода кейбір жұмысшылар өздеріне берілетін заттар ұрланатынын да айтады.

"Атырау жарық" Жылыой аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Марат Меңдияров бейсенбі күні Азаттыққа ереуіл болғанын растады. Оның айтуынша, 25 мамырда шамамен 30 шақты жұмысшы ереуілге шыққан. Алайда, оның сөзінше, наразылыққа жалақысы 90 мың теңгеден басталатын тазалық мамандары мен жүргізушілер ғана шыққан. Ал 130-140 мың теңге жалақы алатын электр жөндеушілер наразылыққа қосылмаған. Ол 1 маусымнан бастап жалақы 20 пайыз көбейетінін айтты.

– Арнайы киім мен арнайы құралдар жылына бір рет беріледі. Барлығы қоймада бар. Бұл – жеке қорғау құралдары. Оларды талан-таражға салу бойынша шағым түскен жоқ. Бәлкім, біреу жоғалтып қойған шығар. Бірақ бізге ешкім ештеңе деген жоқ. Жалпы, каскасыз және қажетті құралсыз нысанға жібермейміз, – деді Меңдияров.

Наразылық тоқтаған-тоқтамағаны белгісіз. Азаттық тілшісі "Атырау жарық" мекемесі жұмысшыларының өзіне хабарласа алмады.

Электр желілері мен станцияларға жауапты "Атырау жарық" Жылыой аудандық электр желілері мекемесінде 200-ден астам адам жұмыс істейді деген ақпарат бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG