Accessibility links

Германия соты олигарх Әлішер Османовтың яхтасы мен вилласы "заңсыз тінтілгенін" мойындады


Әлішер Османов.
Әлішер Османов.

Франкфурт соты ресейлік олигарх Әлішер Османовтың яхтасы мен вилласы "ақша жымқыру ісі" аясында заңсыз тінтілгенін мойындады. Тінту туралы шешімді Германия бас прокуратурасы шығарған.

Дегенмен Османовқа қатысты қалған қаулылар күшінде қалмақ. Ол "салықтан жалтарды" және "санкцияны бұзды" деген күдікке ілініп отыр.

Қыркүйек айында федералдық қылмыстық ведомство мен салық қызметі Османовтың Тегернзе көліндегі вилласы мен Франкфурттегі пәтері және Бремен портындағы "Ділбар" яхтасын тінткен. Құжаттар мен құнды өнер туындылары тәркіленген. Der Spiegel жазуынша, екінші инстанциядағы Франкфурт соты тінтуді заңға қайшы деп тапқан.

Ақпаратқа қарағанда, тергеу кезінде федералдық қылмыстық ведомствоға қарасты ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері түрлі банктен "ақша жымқыру" күдігі бойынша 90 шақты нұсқаулық алған. Тергеу органдары Османовтың транзакцияларынан күмәнді жайттарды анықтаған.

Алайда істі қарау кезінде сот тінту негізсіз болды деген қорытындыға келді. Соттың пікірінше, тергеушілер "Османов не үшін ақша жымқырды деген күдікке ілінгенін" жеткілікті дәрежеде негіздей алмаған. Салыққа жеңілдік бар жерлерде бизнесті күмәнді түрде жүргізу тінту жүргізуге негіз бола алмайды, деді сот.

Сот сонымен бірге тергеушілердің аргументтері көп жағдайда Алексей Навальныйдың YouTube-тағы видеоларына негізделгенін де сынаған.

Османовтың адвокаттары тағылған айыптармен келіспеген, олар сот шешімі клиенттерінің құқықтық мемлекетке деген сенімін нығайтты деген.

Дегенмен ресейлік кәсіпкерге қатысты санкция режимін бұзу күдігі бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жуырда Мюнхендегі екінші инстанциялық сот Османовтың мүлкіне тінту жүргізу туралы шешімге қарсы түсірген апелляциялық шешімді кері қайтарған. Сол себепті тінту кезінде тәркіленген құжаттар мен заттар 69 жастағы кәсіпкерге қайтарылмайды.

XS
SM
MD
LG