Ақ үй мен Конгрестегі республикашылдар мемлекет қарызының шегін ұлғайту және бюджет мәселелері бойынша келісімге келді. Бұл жөнінде 27 мамырда өкілдер палатасының спикері республикашыл Кевин Маккарти және президент Джо Байден хабарлады.
Конгресс келесі аптада аталған келісімді заңнамалық тұрғыда рәсімдеп үлгеруі керек. Келісім болмаған жағдайда АҚШ дефолтқа кезігуі мүмкін еді, мамандардың бағалауынша, бұл халықаралық экономикаға да әсер етуі ықтимал болған. Федералдық резерв жүйесінің жетекшісі бұған дейін федералдық қазынадағы ақша 5 маусымда бітуі мүмкін деп ескерткен болатын.
"Екі жақ бір-бірінің шарттарына көнді, демек әркім өз қалағанын алған жоқ. Бірақ ел басшыларының жауапкершілігі де сонда ғой" деді Байден. Ал Маккарти келісімді "ірі жеңіс" деп атады.
АҚШ-та мемлекет қарызының шегі мәселесі жиі көтеріледі, кейде бұл саяси дауға да ұласып жатады.
Конгресстің төменгі палатасында басым көпшілік болып отырған республикашылдар бұл жолы бюджет шығынын азайтып, демократтар кей шарттарға көнбейінше оның шегін ұлғайтудан бас тартқан. Республикашылдар әлеуметтік шығынды қысқартып, қорғаныс саласына шығынды арттыруды талап еткен. Ал демократтар бюджет шығынын 2023 жылғы деңгейде ұстап тұрғысы келеді. Ал республикашылдар 2022 жылғы деңгейде болсын дейді.
Дереккөздерге сүйенген ақпарат құралдарының жазуынша, келіссөзге қатысушылар қорғаныс саласынан басқа бюджет шығынын 2023 жылғы деңгейден асырмауға келіскен.
Болжамға қарағанда, оңшыл республикашылдардың бір бөлігі заң жобасына қарсы дауыс бермек, алайда оны әсіресолшыл демократтар қолдамақ. Заң жобасына дауыс беру 31 мамырда өтпек.