Accessibility links

Ордабасы соты белсенді Нұржан Мұхаммедовті тағы бес тәулікке қамады


Түркістандық белсенді Нұржан Мұхаммедов. 10 мамыр, 2023 жыл.
Түркістандық белсенді Нұржан Мұхаммедов. 10 мамыр, 2023 жыл.

30 мамырда кешкісін Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты белсенді Нұржан Мұхаммедовті бес тәулікке қамады. Белсенді кейінгі жарты жылда әлеуметтік желідегі жазбасы үшін осымен бесінші рет қамалып отыр. Сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжаттарды орындамау" бабымен (669-бап) кінәлі деп тапты.

Мұхаммедов 17 мамыр күні әкімшілік жазасын өтеп шыққанда тергеу изоляторының жанында пікір білдірген. Оны белсенділер Facebook-парақшасында жариялаған, ал полиция видеоға түсірген. Белсенді халыққа "Ояныңдар, жиналайық, қарсыласайық!" дегені үшін полиция хаттама толтырған.

– Учаске полицейі толтырған хаттамаға келіспеймін. Біріншіден, саяси пікір білдірмедім. Екіншіден, жеке парақшама жарияламадым. Сот оның бәрін ескермеді, – деді белсенді Азаттыққа.

2021 жылы 15 маусымда Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты Нұржан Мұхаммедовті "экстремистік деп танылған ҚДТ және "Көше партиясы" ұйымдарының қызметіне қатысты", "жария түрде билік өкілін қорлады" деген айыппен екі жылға бостандығын шектеуге кескен. Белсендінің саяси тақырыптарға пікір білдіруіне үш жылға тыйым салынған.

Мұхаммедов кейінгі жарты жылда бір баппен бесінші рет бес тәулікке қамалды. Ол биыл 10 мамырда Алматы әкімдігі алдында Қытаймен визасыз режимді ұзартуға қарсы шығып, TikTok-та видеоүндеу жариялағаны үшін қамалған.

Facebook желісінде бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына ашық хат жариялап, елдегі оқу орындарына "ұлттық идеологияны дәріптейтін" арнайы пән енгізуді ұсынғаны, артынша осы ұсыныспен петиция жариялап, сілтемесін салғаны үшін жауапқа тартылған.

Қазақстан соты шетелдегі экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып қызметіне тыйым салған. Кейін "Көше партиясын" да ҚДТ-ға қатысы бар деп, оған да шектеу қойған. Қазақстан билігі екі қозғалыстың жақтастарын қамап, бас бостандығын шектеп қудалайды. Еуропарламент бұл ұйымдарды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG