Accessibility links

Украина соты "Вагнер" құрамында соғысқан қазақстандықты тоғыз жылға соттады


Украина соты Қазақстанның 23 жастағы азаматы Шыңғыс Сейпиевті "әскерге жалдану қылмысына" қатысты іс бойынша тоғыз жылға соттады. Бұл туралы "Грати" украин басылымы сот үкіміне сүйене отырып хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылғы қазанда Сейпиевті "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы Украинаға қарсы соғысуға көндірген. 18 қарашада оны ұшақпен Түменнен Ростов облысына жеткізген. Сол жерде ол келісімшартқа қол қойған. Әскери компания оған ай сайын 200 мың рубль төлеуге уәде берген. Сейпиев ақшаны келісімшарт мерзімі аяқталған соң алуға тиіс болған.

Желтоқсанның басына дейін Сейпиев әскери дайындықтан өткен, одан соң Луганск облысының Кременная қаласына барған. 24 желтоқсанда оны Донецк облысы Бахмут ауданының Яковлевка ауылына жіберген. Сол жерде ол бір апта соғысқан, ал 30 желтоқсанда тұтқынға түскен.

Тергеуді Украина қауіпсіздік қызметі жүргізген. Тергеу нұсқасына қарағанда, Сейпиевті Түмендегі № 2 колонияда соғысқа баруға үгіттеген. Ол Ресейде зорлау қылмысы бойынша 10 жылға сотталып, дәл сол уақытта жазасын өтеп жүрген. "Вагнер" әскери компаниясымен жасалған келісімшартта сыйақы төлеу ғана емес, қылмыстық жазадан босату туралы да айтылған.

"Вагнер" әскери компаниясы 2022 жылғы жаздан бері колонияда жазасын өтеушілерді соғысқа үгіттеумен айналысып келген. Компанияның негізін қалаған Евгений Пригожин колонияларды өзі аралап, аса ауыр қылмыс жасағандарды Украинаға қарсы соғысуға көндірген. Алайда 2023 жылғы ақпанда Пригожин сотталғандарды үгіттеу тоқтады деп мәлімдеген.

Қаңтардың басында Пригожин бірінші топ рақымшылыққа ілінгенін хабарлаған. "Агентство" басылымы мен BBC Орыс қызметінің журналистері рақымшылық алғандар арасында ұрлық-қарлық, есірткі саудасы, кісі өлтіру қылмыстары үшін сотталғандар бар екенін анықтаған.

Мамырда "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы Украинадағы соғыста 20 мың жалдамалы жауынгер опат болғанын, оның жартысы сотталғандар екенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG