Accessibility links

Жаңаөзен мұнайшылары Астанаға тағы баратынын айтты


"Өзенмұнайгаз" кеңсесі алдында наразылық жасап тұрған мұнайшылар. Жаңаөзен, 28 сәуір, 2023 жыл.
"Өзенмұнайгаз" кеңсесі алдында наразылық жасап тұрған мұнайшылар. Жаңаөзен, 28 сәуір, 2023 жыл.

Жаңаөзенде "тұрақты жұмыс пен бірдей жалақы" талап етіп тұрған "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы мұнайшыларының наразылығы әлі жалғасып жатыр. "ҚазМұнайГаз" тексеруі 29 мамырда аяқталғанымен, ұлттық компания оның шешімін әлі жариялаған жоқ. Бұл жөнінде 31 мамырда Азаттыққа мұнайшылар хабарлады.

Жаңаөзен мұнайшылары талаптары орындалмағанын айтып, 30 мамырда әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялаған.

"Заңсыз тендердің" себебінен әділетсіздікпен күресіп жүргенімізге 60 күн болды. Астана қаласына бардық, арнайы жасақ қамауға алды. Сол кезде құзырлы органдар, "ҚазМұнайГаз" басшылары 10 адамнан комиссияға қалдырып, бәрін шешіп береді деген болатын. Талаптар: тұрақты жұмыс, айлықты тендер, бірдей жалақы жүйесі (ЕСОТ) бойынша төлеу, алгоритмге қосылып, "Өзенмұнайгазға" еншілес компанияларға ауысу, заң және еңбек қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес жұмыс орны болды", – дейді видеода талапты оқып тұрған адам.

Олардың сөзінше, 29 мамырда "Өзенмұнайгазға" тексеру жүргізіп жатқан "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының комиссиясы қабылданған шешім туралы жария етпестен Астанаға кетіп қалған. Бұған наразы болған мұнайшылар билікке 15 маусымға дейін мұрсат беретінін, мәселе шешілмесе, Астанаға баратынын мәлімдеді.

Азаттық тілшісіне "ҚазМұнайГаздағылар" комиссия шешімін айтпады, бірақ компания сайтында "БерӘлі Маңғыстау Company" наразыларға "Мөлдір Мұнай Сервис" серіктестігінен жұмыс ұсынғанын, олар "ойланып жатқаны" туралы жазылған. Бірақ "Өзенмұнайгаз" алдында тұрғандар бұл уәжді жоққа шығарады. Ал энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев комиссия жұмысы немен аяқталғанын білмейтінін, бірақ мұнайшылар жалақысы басты назарда болатынын айтты.

– Мердігерлік келісімдер тұрақтылықты сақтау үшін үш жылдан көп мерзімге жасалады. Тарифтерді көтеруге қатысты көп жұмыс жүргізілді. Енді жалақы қорын тендерде ұту үшін жойып жібермеуі бақыланады. "Өзенмұнайгаздың" сатып алуларды бақылау, жұмысқа алу және басқа салаларда ірі заңбұзушылықтар анықталды. Мұнай экономиканың локомотиві болғандықтан, мұнайшылар жалақысы, әлеуметтік жағдайы "ҚазМұнайГаздың", "Самұрық-Қазына" қорының, басқа бақылаушы органдардың ерекше назарында болуға тиіс деп есептейміз, – деді 30 мамырда Алмасадам Сәтқалиев Азаттыққа.

Сәуірдің басында "Өзенмұнайгаз" компаниясының мердігері "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорны тендерде жеңіліп, 100-ден астам адам жұмыссыз қалған. Жаңаөзенде жұмыс талап кеткен мұнайшылар 10 сәуірде Астанаға келді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкеткен. Бұдан соң Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары және Алматы, Астана мен өзге өңірлердегі белсенді азаматтар ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті.

12 сәуірде таңертең мұнайшылардың көбі пойызбен Жаңаөзенге қайтарылып, 10 адам келісім жүргізу үшін Астанада қалған. 20 сәуірде мұнайшылар ҚМГ келіссөзді тоқтатқанын, талаптары әлі орындалмағанын жеткізген. Ал ҚМГ "арнайы комиссия" құрылғанын, Жаңаөзенде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың жұмысы тексерілетінін мәлімдеген.

Астанадан Жаңаөзенге оралған наразы мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" алдына қайта жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен акцияны әлі жалғастырып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG