Accessibility links

Рой Чун Ли: Тайваньға көз тіккен Қытайды тежеудің ең дұрыс жолы – Украинаны қолдау


Тайвань әскері аралға сырттан келетін басқыншыларға тойтарыс беруге жаттығып жатыр. Гаосюн, Тайвань, 11 қаңтар, 2023 жыл.
Тайвань әскері аралға сырттан келетін басқыншыларға тойтарыс беруге жаттығып жатыр. Гаосюн, Тайвань, 11 қаңтар, 2023 жыл.

Тайвань сыртқы істер министрінің орынбасары Рой Чун Ли Азаттыққа берген сұхбатында Тайбэй Батыс елдерінің Украинаны қолдауын неге құптайтынын, Еуропаның Тайваньға көзқарасы қалай өзгергенін айтып берді.

Ресей Украинаға басып кіргелі Тайвань соғысты жіті бақылап, Киевтің әр қимылын қалт жібермей қарап отыр. Ондаған жыл бойы Қытай басып кіруі мүмкін деген қауіппен өмір сүріп келе жатқан демократиялық аралға Украинаның тағдыры жақсы таныс.

Тайвань сыртқы істер министрінің орынбасары Рой Чун Ли Қытай Ресейдің Украинаға қарсы соғысын Тайваньға қарсы жоспарын тексеріп алу үшін пайдаланғысы келеді дейді.

Ол Азаттыққа берген сұхбатында Тайбэй Батыс елдерінің Украинаны қолдағанын неге қалайтынын, Еуропаның Тайваньға көзқарасы қалай өзгергенін, Қытай мен Ресейдің байланысы Азия-Тынық мұхит өңіріндегі күштер теңдігіне қалай әсер ететінін айтып берді.

– Толық жеңіске жетпейінше, Украинаны Ресейден қорғау Тайваньға да тікелей әсер етеді. Бұл Қытай Тайваньға шабуыл жасаса, демократиялық одақтастарымыздан қандай көмек болатынын көрсетеді, – деді Ли.

Пекин Тайваньды күшпен болса да, құрлықтағы Қытайға қосып алуға ниет білдіріп келеді. АҚШ президенті Джо Байден аралға шабуыл жасалған жағдайда, Тайваньды қорғауға уәде берген. Сондықтан Украинадан кейін Тайваньда соғыс өрті тұтануы мүмкін деген қауіп пайда болған.

Тайвань сыртқы істер министрінің орынбасары Рой Чун Ли. Тайбэй, 23 ақпан, 2023 жыл.
Тайвань сыртқы істер министрінің орынбасары Рой Чун Ли. Тайбэй, 23 ақпан, 2023 жыл.

Украинада соғыс басталғанына 16 айға таяды. Қытай басшысы Си Цзиньпин Ресейдің әр іс-қимылын да, Батыс елдерінің Украинаға көрсеткен қолдауын да жіті бақылап отыр дейді Ли.

Тайвань дипломаты "Украина Батыстың көмегімен территориясының көп бөлігін қорғап қалды, бұл Қытайды тежегендей болды" дейді. Лидің пікірінше, Қытай соғысты ұзақ мерзімде қарастырып, Батыс елдері арасында Украинаға үздіксіз әскери көмек жіберуге қатысты келіспеушіліктер болуы мүмкін деп үміттенеді.

– Қытай екі-үш жылдан кейін Батыс елдері өз позициясында қала ма деп күтіп отыр, – дейді Ли.

АҚШ Конгресіндегі кей дипломаттар Украинаға қару-жарақ жіберуді азайтып, Қытай қаупінің артуына байланысты Тайваньды қолдауға шақырған. Конгресс биыл күзде Украинаға қосымша әскери көмек жіберу мәселесін де шешуі керек. АҚШ-та президент сайлауы таяп келеді. Саяси бәсеке кезінде Киевті қолдауға қаржы жұмсау мәселесі талқыға түседі.

Бұрынғы президент Дональд Трамп пен Флорида штатының губернаторы Рон Десантис 2024 жылы республикашылдар атынан сайлауға түсуі мүмкін. Олар АҚШ-тың Украинаны қолдауын құп көрмейді.

Ли Украинаны қолдау Тайбэйдің қорғанысына кері әсер етеді деп ойламайды. Оның пікірінше, 24 миллион халқы бар аралды қолдаудың ең дұрыс жолы – Қытаймен қарым-қатынаста 2022 жылғы ақпанға дейін Ресеймен байланыс орнатуда жіберілген қателерді қайталамау.

– Осы себептен Украинаны қолдауды сұрап отырмыз. Қытайды тоқтатудың ең дұрыс жолы – осы. Ресейді тоқтатуға тым кеш, бірақ күш біріктірсек, Қытайды тоқтата алатын сияқтымыз, – дейді Ли.

Тайвань сарбаздары әскери жаттығу кезінде. Синьчжу уезі, Тайвань, 19 қаңтар, 2021 жыл.
Тайвань сарбаздары әскери жаттығу кезінде. Синьчжу уезі, Тайвань, 19 қаңтар, 2021 жыл.

Қытай мен Тайвань 1949 жылғы азамат соғысынан кейін бөлініп кеткен. 1970 жылдардан бастап әлем елдері Пекинмен дипломатиялық байланыс орнатты. Қытайдың экономикалық және саяси ықпалы артқан сайын Тайвань бірнеше одақтасы ғана бар оқшау мемлекетке айналды.

Қазір Тайваньның 13 мемлекетпен және Ватиканмен ғана ресми дипломатиялық байланысы бар. Батыс елдерінің көбі Қытайдың Тайваньды өзіне қосып алуға талпынысын ашық сынамайды, бірақ қолдамайды да.

Тайваньды АҚШ Конгресінде демократтар да, республикашылдар да қолдайды. Конгресс мүшелері аралға жиі сапарлайды.

Кейінгі жылдары Тайваньның Еуропа елдерімен де байланысы күшейген. Аралға Еуропа елдерінің делегациясы барып, Чехия президенті Петр Павел қаңтардағы сайлаудан кейін Тайвань президенті Цай Инвэньнің телефон арқылы құттықтауын қабылдады.

Қытай мен Тайвань арасы ушықты. Франция президенті Пекинге барды (6 сәуір, 2023 жыл)

Қытай мен Тайвань арасы ушықты. Франция президенті Пекинге барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Еуропа Қытаймен қарым-қатынаста бірыңғай стратегия ұсынғысы келді. Франция президенті Эммануэль Макрон сәуірде Қытайға сапарынан кейін Тайваньды қолдаудан айнып қалғандай көрінді. Ол "Еуропа Қытай мен Тайвань арасындағы дауға араласпай, АҚШ-тың өңірдегі сыртқы саяси қадамдарынан аулақ болуы керек" деді.

Ли "Макронның сөзі біраз алаңдаушылық туғызғанымен, Тайваньның Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен дипломатиялық байланысы нығайып келе жатыр" деді.

Тайвань дипломаты Франция президентінің сөзін "Стратегиялық автономияны Еуропаға тартып, сыртқы саясат пен қорғаныс салаларында АҚШ-қа тәуелділіктен құтылуға талпыну" деп бағалады. Ол G7 одағының осы айдағы мәлімдемесінде Франция Тайваньның статусын қолдағанын, аралға француз депутаттары келіп-кеткенін айтты.

Украина Ресей басып алған жерлерді азат ету үшін қарсы шабуылға дайындалып жатқанда, Тайбэй соғыстағы әскери және дипломатиялық динамика Тайваньға қалай әсер ететінін назарда ұстап отыр.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин Кремльдегі қонақасы кезінде. Мәскеу, Ресей, 21 наурыз, 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин Кремльдегі қонақасы кезінде. Мәскеу, Ресей, 21 наурыз, 2023 жыл.

Қытай мен Ресей соғыс басталмай тұрып, "шексіз әріптестік" орнатқан. Қос мемлекет арасындағы достық байланыс әлі күнге жалғасып келеді.

Кейінгі бір жылда Қытай мен Ресейдің әскери-теңіз күштері Шығыс Қытай теңізі мен басқа да аумақтарда бірнеше рет оқу-жаттығу ойындарын өткізді.

Өңірде Тайвань, Жапония мен Оңтүстік Кореяға қатысты дағдарыс бола қалса, Қытай мен Ресейдің қорғаныс саласындағы әріптестігі үлкен рөл атқаруы мүмкін. Лидің айтуынша, Тайбэй жағдайды жіті бақылап, бәрінен де Қытайдың Тайваньға қарсы қимылын болжауға тырысып отыр.

– Қытай Ресейдің көмегінсіз-ақ Тайваньды блокадаға ала алады. Оған әскери қуаты жетеді. Ресей блокадаға қатыспайтын сияқты. Өйткені жағдай күрделеніп, бақылаудан шығып кетуі мүмкін, – дейді Ли.

Тайваньның өкілетті тұлғаларының болжамынша, Қытай Тайбэйге басып кірмей, аралды қоршауға алуы мүмкін.

2022 жылы тамызда АҚШ Конгресі өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелоси Тайваньға ресми сапармен барғанда Қытай әскері оқ атып, блокадаға дайындық жүргізген. Сәуірде АҚШ өкілдер палатасының қазіргі спикері Кевин Маккарти Тайвань президенті Цай Инвэньмен Калифорнияда кездескенде Қытай тағы да әскери жаттығу өткізді.

Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптап митингі өткізіп жатқан адамдар. Тайбэй, Тайвань, 8 мамыр, 2022 жыл.
Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптап митингі өткізіп жатқан адамдар. Тайбэй, Тайвань, 8 мамыр, 2022 жыл.

АҚШ-тың кей өкілетті тұлғалары Қытай Тайваньды 2027 жылға дейін жаулап алатын әскери қуатқа ие болғысы келеді дейді.

АҚШ-тың Тынық мұхиттағы әскерінің бұрынғы қолбасшысы, адмирал Гарри Харрис ақпанда Конгреске "Америка алдағы жылдары Қытай Тайваньға басып кіруі мүмкін деген ықтималдықты шетке ысыра тұрады" деді.

Бірақ ұлттық барлау қызметінің директоры Аврил Хейнс пен қорғаныс министрі Ллойд Остин Қытай Тайваньға жақын арада шабуыл жасайды дегенге сенбейді.

Ли Тайвань Украинадағы соғыстан сабақ алып, АҚШ-пен және Еуропа елдерімен бірге дайындықты бастауы керек деп есептейді.

– Ресей Украинаға басып кіріп [өкінішті жайт], Тайваньға шабуылдағысы келген Қытайдың алдын орады, сөйтіп Тайваньның жолы болды, – дейді Ли.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG