Қостанай әкімдігі биыл күзде өтетін Қазақстан-Ресей аймақаралық форумына дайындыққа 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлетінін айтты. Бұл жөнінде “Наша газета” басылымы жазды. Форумға Ресей президенті Владимир Путин мен ресейлік делегация қатысады деп айтылады.
Ақпаратқа қарағанда, аталған сома қалада Smart-орталық салып, Тобыл саябағының солтүстік бөлігін қайта жөндеуге жұмсалмақ. Бұған қоса, қаржы қала көшелерін жарықтандыруға, аялдама павильондарын орнатуға, көшелерді абаттандыруға, субұрқақты жөндеуге, 13 000 шаршы метр жердің кірпішін алмастыруға, жол мен үйлерді жөндеуге де жұмсалады.
Форумға дайындық аясында қалада 1626 түп қарағай мен 255 түп терек егілген. Қарағай көшеттері Башқұртстаннан әкелінген деп айтылады. Әкімнің айтуынша, қазақстандық тасымалдаушылар тиісті мөлшерде сапалы қарағай ұсына алмаған.
"Наша газета" басылымының жазуынша, былтыр жобаның құны 11,3 млрд теңге болған. Желтоқсан айында Қостанай облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақалов Smart-орталықтың айналасын абаттандыру құнын 1 млрд теңгеге азайтқан. Жоспардан 44,4 млн теңге кететін аллея мен 74,4 млн теңге кететін балалар алаңы да алынған.
Басылымның мәліметінше, шамамен 1 млрд теңгеге жоспарланған үш субұрқақтың біреуі қалады, ал оның бағасы – 186,6 млн теңге. Әкім орталық саябақта және Байтұрсынов көшесіндегі саябақта 50 млн теңгеге 138 орындық пен мәрмәр тастан жасалған 138 қоқыс жәшігі орнатылатынын хабарлады.
Путиннің Қазақстанға сапары Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Мәскеу халықаралық қауымдастықтан оқшауланған шақта жоспарланып отыр. Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін әлем лидерлері алдында Ресей президенті Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сүйкімі кеткен. Батыс елдері Путин мен оның төңірегіндегі адамдарға қарсы дербес санкциялар салған. Әлем лидерлері бас қосатын саммиттерге Ресейді шақырмайтын болған.
Наурыз айында Гаага соты Путинді тұтқындауға ордер берген. Халықаралық сот оны "Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз тасымалдады" деп айыптап отыр. Осыған ұқсас ордер Ресейдегі бала құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Мария Львова-Беловаға да берілген.
Экономикалық тұрғыда Ресейге тәуелді Қазақстан бұған дейін Халықаралық қылмыстық соттың шешімін орындамайтынын айтқан. Қазақстан СІМ-нің түсіндіруінше, Қазақстан Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың құрылтай құжаты – Рим статутына қатысушы емес. Бұрынғы совет республикалары арасында статутты Балтық елдері, Грузия, Тәжікстан ратификациялаған. Жуырда Армения конституциялық соты Рим статуты елдің конституциясына қайшы келмейді деген қаулы шығарған. Рим статутын ратификациялаған мемлекеттердің билігі Путин сол елдердің біріне барған жағдайда оны тұтқындауға міндетті.
ПІКІРЛЕР