Accessibility links

Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы: Жыл соңында Әзербайжанмен бейбіт келісімге келуге мүмкіндік бар


Армен Григорян.
Армен Григорян.

Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян қоғамдық радио эфирінде "Келіссөз өте қарқынды жүріп жатыр. Осы қарқын сақталса, жыл соңына дейін бейбіт келісім жасауға мүмкіндік бар" деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

"Біз бейбіт келісім жасауға ынталы боп отырмыз" деген Армен Григорян 1 маусымда Кишиневте өткен ел басшыларының кездесуінен үміт күтетінін айтты.

1 маусымда Молдова астанасы Кишинев қаласында армян-әзербайжан қатынастары бойынша Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Еуропа кеңесінің басшысы Шарл Мишель, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев кездескен.

Армения үкіметі баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны демаркациялау, шекарадағы қауіпсіздік, Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты реттеу мәселелері сөз болған.

Бұға дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы негізінде Армения мен Әзербайжан бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындайтыны туралы келісімге келгенін айтқан.

Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев "Баку мен Ереван бейбіт келісімге келуі мүмкін, оның үстіне, Армения Таулы Қарабақты Әзербайжанның бір бөлігі ретінде мойындады" деп мәлімдеген. Әлиев Әзербайжанның Арменияға жерге қатысты талабы жоқ екенін де мәлімдеген.

Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ төңірегіндегі шиеленіс 1980 жылдары, Совет Одағы ыдырай қоймаған тұста басталған. Бұл аумақта армян этносының өкілдері тұрған, бірақ жер Әзербайжанға тиесілі болған. Сол жылдардағы соғыстың салдарынан Армения Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін басып алған.

2020 жылы күздегі алты апталық соғыстан кейін Әзербайжан сол жерлерді қайтарып алды. Соғыс Ресейдің бітімгер әскерінің кіруімен аяқталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG