UCI (Халықаралық велоспорт одағы) қазақстандық Astana Qazaqstan Development Team велокомандасының мүшесі, ресейлік Савелий Лаптевті Украинадағы соғысты қолдады деп жарыстардан шеттетті. Бұл туралы ресейлік агенттіктерге сілтеме жасап, британиялық Inside the Games сайты хабарлады.
UCI ережесіне сай, Украинадағы соғысты қолдаған Ресей және Беларусь велоспортшылары жарыстарға қатыса алмайды. Спортшының әкесі Григорий Лаптевтің әкесінің сөзінше, UCI 18 жастағы велоспортшыны "әлеуметтік желіде саяси жағдайға байланысты жазбаларға лайк басқан" деп, жарыстардан шеттеткен.
Григорий Лаптев ТАСС агенттігіне "бұл жерде бір түсініспеушілік болған сияқты, ұлым ондай әрекеттер жасамаған, бәлкім, ұлымның аккаунтына біреу бұзып кіруі мүмкін" деген. Оның сөзінше, баласы Халықаралық велоспорт одағына "жағдайды түсіндіріп, хат жолдаған".
Қазақстандық Astana Qazaqstan Development Team командасы әзірге бұл жағдайға байланысты ресми түрде түсініктеме берген жоқ.
2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген бетте Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен кейбір спорт ұйымдары Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстардан шеттеткен. Биыл ХОК спорт федерацияларына Ресей мен Беларусьтің соғысты қолдамаған спортшыларын жарысқа бейтарап атлет ретінде қатыстыруға рұқсат берген.
Бірақ Ресей мен Беларусь спортшыларының 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға қатысу-қатыспауы белгісіз. Батыс елдері және Украина Ресей мен Беларусь спортшыларының Париж Олимпиадасына қатысуына қарсылық білдірген.
ПІКІРЛЕР