Абай облысында үш ауылдың тұрғындары орман өртіне байланысты үйлерінен кетіп қалды деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің хабарлауынша, Успенское, Поднебесное және Барышевка ауылдарының тұрғындары баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған. Олар қазір туыстарын сағалап отыр.
9 маусымға қараған түні Бородулиха ауылындағы мектеп пен колледжден эвакуациялық пункттер ұйымдастырылған.
"[Өрттің] орман шетінен қашықтығы – 11 шақырым. Ауданы - 20 гектар. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Соған қарамастан, Романовка, Камышенка елді мекендерінің шекарасында жер жырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райы жағдайы: +34 градус, солтүстіктен соққан желдің жылдамдығы – 2 м/с" деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та оқиға орнына барған.
Өртті сөндіруге шамамен өртпен күрес қызметінің жеке құрамының 300 өкілі, 70 шақты техника, үш тікұшақ жұмылдырылғаны айтылады.
Мамыр айының соңында осы резерватта ірі өрт болып, кемінде 3,5 мың гектар аумаққа өрт жайылғаны айтылған еді.