12 маусымда таңертең Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони 86 жасында қайтыс болған. Бұл ақпаратты Италияның Corriere della sera және La Repubblica. басылымдары жариялады, ресми мәлімет те тарады.
Берлускони сәуір айында Милан ауруханасына түскен. Одан шыққаннан кейін ауруханаға қайта жатқызылған.
Италияның ірі бизнесмендерінің бірі Берлускони 1990 жылдары саясатта айрықша көрінді. Италия үкіметін үш рет басқарды. Оның "Алға, Италия" дейтін партиясы біршама әлсіресе де, әлі де билеуші коалиция құрамына кіріп отыр.
"Италияны Берлусконисіз елестету қиын... Кейінгі 50 жылда телеарнада, газет бетінде, парламентте, барларда, стадиондарда оның аты аталмаған күн болған емес. Құрылыс мердігері, телевизия магнаты, "Милан" футбол клбуының президенті, "Алға, Италия" партиясының негізін қалаушы, үш мәрте премьер-министр, небір атышулы сот істерінің кейіпкері" деп жазылған La Repubblica некрологінде.
Некрологте Берлускони жөнінде қоғам пікірі екіге жарылғаны, көп адам одан авторитар және жемқор саясаткер көргені айтылған. Бірақ ол сонда да Италияның символына айналды, шетелге ең танымал итальян болды.
"Секс сипатындағы жанжалдар мен сот процестеріне, салықтан жалтарды деген айыптауларға қарамастан, Берлускони есімі Италия экономикасының алтын ғасырымен қатар аталып, бәріне өз күшімен жеткен адам ретінде есте қалды" дейді France Presse.
Берлускони Ресей президенті Владимир Путинмен достық қатынаста болған. Олар бір-біріне жеке қонақ болғаны, Ресей Қырымды аннексиялап, Батыспен арасы күрт суығаннан кейін де Берлускони Путин мен Ресейге қолдау білдіргені белгілі. Аннексияланған Қырымға да барған. 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруін жұрт алдында айыптай сөйлеген, бірақ кейін жарияланған материалдарға қарағанда, ол соғысқа НАТО мен Киев те кінәлі деп есептеген. Ол Путинмен достығын қалпына келтіріп, тіпті 70 жасқа толған Путинге шарап сыйлағанын да айтқан. Бірақ кейін онысы қалжың екенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР