Абай облысында өрт кезінде жоғалып кеткен тракторшы Сергей Архиповтің сүйегі табылған. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Абай облысының полициясы Архиповтің мәйітін өрт болған аумақтан 50 шақырым жерден тапқан.
Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Архипов 9 маусымда тракторымен Қаштақ ауылына өрт сөндіруге кетіп, онымен байланыс үзілген. Бүгін, 13 маусымда таңертең оның тракторы табылғаны хабарланған еді.
Семейдегі орман өртінен қаза тапқандар саны 15 адамға жетті.
Абай облысындағы орман өрті басында 60 мың гектар жерді шарпыған. Төтенше жағдайлар министрлігі кеше, 12 маусымда өрт аумағы 60 мың гектардан 43 мың гектарға азайғанын хабарлап, елді мекендерге қауіп жоқ деді. Өрт шарпуы мүмкін деген ауылдардың тұрғындары Семей қаласына эвакуацияланды.
Ішкі істер министрлігі Абай облысындағы өрттің шығуына от қою, салғырттық немесе найзағай себеп болуы мүмкін деген болжам айтты. Министрлікке бұл жағдайды тергеп-тексеруге екі ай уақыт берілген.
Бас прокуратура өртке байланысты бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің жұмысына тексеріс жүргізбек.
ПІКІРЛЕР