Accessibility links

Полиция Абай облысында сүйегі табылған тракторшының өліміне жүрек ауруы себеп болған дейді


Абай облысы Бесқарағай ауданы Долон ауылында мәйіті табылған тракторшы Сергей Архипов жүрек ауруынан қайтыс болған. Бұл жөнінде ішкі істер министрлігінің ақпаратын тарататын Polisia.kz сайты жазды.

"10 маусымда жоғалып кеткен Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болды" деп жазылған полиция хабарламасында.

Абай облысында өрт кезінде жоғалып кеткен тракторшы Сергей Архиповтің сүйегін полиция бір күн бұрын өрт болған аумақтан 50 шақырым жерден тапқанын айтқан.

Полицияның хабарлауынша, марқұмның денесінен "зорлық-зомбылық" және "өрттен қаза болғанын көрсететін белгілер табылмаған". Сот-медицина сараптамасы ер адамның "жүрек жеткіліксіздігі – кардиомиопатиядан қайтыс болғанын көрсеткен".

Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Архипов 9 маусымда тракторымен Қаштақ ауылына өрт сөндіруге кетіп, онымен байланыс үзілген. Ізінше оны іздеуге туыстары шыққан. Кейін іздеуге полиция да кірісті.

Семейдегі орман өртінен бұған дейін 14 орманшы қаза болған. Қазақстанда 12 маусымда азалы күн жарияланды.

Абай облысындағы орман өрті басында 60 мың гектар жерді шарпыған. Төтенше жағдайлар министрлігі осы апта басында өрт ауданы 60 мың гектардан 43 мың гектарға азайғанын хабарлап, елді мекендерге қауіп жоқ деген. Өрт шарпуы мүмкін деген ауылдардың тұрғындары Семей қаласына эвакуацияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG