Жаңаөзенде мұнай-газ саласынан тұрақты жұмыс талап етіп, сәуірдің басынан бері наразылық білдірген "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары ереуілді тоқтатты. Бұл жөнінде Азаттыққа мұнайшылардың бірі Есенжан Әбдірахимов хабарлады.
Сейсенбі күні кешкісін "Өзенмұнайгаз" компаниясы наразы мұнайшылар "Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясына жұмысқа тұруға келіскенін хабарлаған еді.
Мұнайшылардың сөзіне қарағанда, бұған дейін қойған талаптарының 90 пайызын орындау жөнінде уәде берілген.
– Жұмысты 20 маусымнан бастаймыз деп отырмыз. Егер алдап кетпесе, талаптарымыздың 90 пайызын орындауға уәде беріп отыр, – деді сәрсенбі күні таңертең Есенжан Әбдірахимов Азаттыққа.
Мұнайшылар жұмысқа орналасуға келіскені туралы жаңалық олар Астанаға қайтадан барамыз деп мәлімдегеннен кейін тараған. Өткен аптада наразы мұнайшылар "құрал-жабдығы жаңартылмаған, жұмысшыларының құқығы қорғалмаған, заңға бағынбайтын мекемелерден жұмыс ұсынып, алдарқатқысы келеді, біз оған келіспейміз, Астанаға барамыз" деп мәлімдеген еді.
13 маусым күні "Өзенмұнайгаз" компаниясы таратқан хабарламада "БерӘлінің" бұрынғы жұмысшылары аталған компанияға ("Мөлдір Мұнай Сервис") ауысқаннан кейін бұрынғы еңбек жағдайы сақталатыны" айтылған.
- "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары "Өзенмұнайгаз" компаниясы алдында сәуірдің басынан бері ереуілдеткен. Сәуірдің ортасында олар Астанаға барып, наразылық білдірді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкеткен. Бұдан соң Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары және Алматы, Астана мен өзге өңірлердегі белсенді азаматтар ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті.
- 12 сәуірде таңертең мұнайшылардың көбі пойызбен Жаңаөзенге қайтарылып, 10 адам келісім жүргізу үшін Астанада қалған. 20 сәуірде мұнайшылар ҚМГ келіссөзді тоқтатқанын, талаптары әлі орындалмағанын жеткізген. Ал ҚМГ "арнайы комиссия" құрылғанын, Жаңаөзенде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың жұмысы тексерілетінін мәлімдеген.
- Бұған дейін ҚМГ-ның арнайы комиссиясы "Өзенмұнайгаз" бен оған еншілес мекемелерден адамдарды жұмысқа заңсыз алу, мұнай өндіретін жабдықты жалға алу құнын асыра көрсету және тағы да басқа "заңсыздықтар" анықталғанын хабарлаған. Бұған дейін "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компанияларының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР