Түркістан облысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін ұлттық құрылтайға 390 млн теңге жұмсалмақ. Мемлекеттік сатып алу порталында "құрылтайға арналған" бес келісімшарт жасалған. Барлығында тапсырыс беруші – Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасына қарасты "Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы" мекемесі.
Орталық құрылтайға байланысты екі келісімшартты (біріншісінің құны – 39 млн, екіншісінің құны – 76,6 млн теңге) Korzhyn Group деп аталатын компаниямен жасасқан. Мемлекеттік сатып алу порталында 39 миллион теңге нақты қандай қызметке бөлінгені жайлы мәлімет жоқ. Ал 76,6 млн теңгелік екінші келісімшарт мазмұнында "Пленарлық отырыс орнын тақырыппен безендіру" деп көрсетілген. Келісімшарттың негізгі құжаты саналатын техсипаттама порталда жоқ. Сондықтан 76,6 млн теңгеге нақты не істелетіні белгісіз.
Мемлекеттік сатып алу порталында жалпы отырыс залын безендіруге байланысты тағы бір келісімшарт бар. Оның бағасы – 88,3 млн теңге. Бұл қаржы ArtLab StudioALS компаниясына берілген. Порталда бұл келісімшарттың да техсипаттамасы жоқ. Мазмұнында "Пленарлық залды техникалық және сахналық жабдықтармен безендіру" деген қысқаша мәлімет қана көрсетілген.
Видео: Түркістандағы Ұлттық құрылтайға 390 млн теңге. Тапсырысты берген кім, алған кім? (14 маусым 2023 жыл).
Құрылтай аясында композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған концерт те өтеді. Оған жұмсалатын қаржы – 164 млн теңге. Қалдаяқовтың концертіне байланысты тендерді Astana Media Production деген компания алған. Бірақ мемсатып алу порталында концертте кімдер өнер көрсететіні, қанша көрерменге арнап ұйымдастырылып жатқаны жайлы мәлімет жоқ.
Құрылтайға байланысты тағы бір келісімшарт "Сазды әуен" компаниясымен жасалған. Порталда бұл келісімшарт бойынша да нақты не істелуі керек екені туралы мәлімет жоқ. Тек "құрылтайды ұйымдастыру қызметіне" деп көрсетілген.
Құрылтайға байланысты бұл бес тендер де конкурссыз өткен. Бірақ "Мемлекеттік сатып алу" туралы заңда президент және күзетілетін өзге адамдар қатысатын іс-шаралардың тендерін конкурссыз өткізуге рұқсат бар.
Құрылтайға байланысты бес келісімшарт жасасқан Түркістандағы шығармашылық орталық директоры Мейіржан Әлиакбаров 390 млн теңге құрылтайға қатысушылардың келіп-кетуіне, құрылтай аясындағы концерттік бағдарламаға, жиынды өткізетін орын мен безендіруге жұмсалатынын айтты. Бірақ Әлиакбаров әр келісімшарт бойынша нақты не істелуге тиіс екенін түсіндірмеді. Ол үшін ресми сұрау хат жіберуді сұрады. Азаттық әкімдікке қарасты шығармашылық орталыққа 8 маусым күні ресми сауал жолдаған, бірақ осы материал шыққанша жауап келген жоқ.
Құрылтайға байланысты тендер алған компанияның бірі Korzhyn Group биыл 22 ақпанда тіркелген. Бұған дейін мемтапсырыс алмаған. "Құрылғанына ұзақ уақыт бола қоймаған компания екі тендерді қалайша конкурссыз алды?" деген сұраққа шығармашылық орталық директоры Мейіржан Әлиакбаров "құрылтайға байланысты компаниялардың бәрін жоғарыдағылар таңдап берді" деді. Бірақ "жоғарыдағылар" деп кімді меңзегенін түсіндірмеді.
Korzhyn Group серіктестігінің директоры әрі жалғыз құрылтайшысы – 24 жастағы Ақсұңқар Жарылқасова. Ақсұңқар Жарылқасова 2021 жылы Түркістан музыкалық драма театрында сахналанған "Бөрте" қойsлымында көркемдік жетекшінің ассистенті болған. Бұл спектакльді қоюға Түркістан драма театры 246 млн теңге жұмсап, қоғамда шу тудырған.
Азаттық Жарылқасованың өзімен де сөйлесті. Айтуынша, құрылтай өтеді дегенді естіп, әкімдікке қарасты орталыққа ұсыныстарын жіберген. Орталық Жарылқасованың компаниясын таңдап, екі тендер берген. Ол компаниясына берілген екі тендер бойынша нақты қандай қызмет жүктелгенін ашып айтпады.
Ұлттық құрылтай деп аталатын жиын былтыр Ұлытау облысында өткен. Оның құрамы мен ережесін бекіту туралы жарлықты президенттің өзі шығарған. Ережеге сәйкес, президент Тоқаев – құрылтайдың төрағасы. Қатысушылар құрамын да президент бекітеді. Былтырғы жиынға 117 делегат қатысқан. Сөз сөйлегендерің көбі президентті мақтаған. Биылғы құрылтайдың форматы әлі белгісіз. Қай күні өтетіні де айтылмады.
ПІКІРЛЕР