Владимир Путин федерациялық психиатрия орталығы жанынан ЛГБТ өкілдерін зерттейтін институт құруды тапсырды. Бұл жөнінде бейсенбі күні жыныс ауыстыруға тыйым салатын заң жобасы қаралған Мемлекеттік дума отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко мәлімдеді. Кейін құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
ЛГБТ өкілдеріне сүйенген "Медуза" басылымы "Мурашконың мәлімдемесі Ресейде билік жалған ғылымға негізделген, "адамды гетеросексуал емес бағыттан айықтыруға көмектеседі-міс" делінетін психологиялық-физикалық мәжбүрлеу практикасының жиынтығы – конверсиялық терапияны енгізгісі келетінін көрсетеді, БҰҰ ұйымы мұндай тәсілді азаптауға теңеген" деп жазды.
Мемлекеттік думада қаралған жыныс ауыстыруға тыйым салу туралы заң жобасы хирургиялық операцияның көмегімен трансгендерлікке өту мүмкіндігіне толық тыйым салады. Құжатқа сәйкес, "балалардың жынысында туа біткен физиологиялық ауытқуларды емдеу үшін" ғана операция жасауға болады, ол үшін арнайы комиссияның шешімі керек болады.
Құқық қорғаушылар мен кейбір дәрігерлер заң жобасын сынаған. Олар бұл заң психикалық ауытқулар мен суицидті көбейтуі мүмкін, сонымен бірге астыртын медициналық қызмет нарығына жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді.
- Еуропадағы ILGA-Europe құқық қорғау тобының жыл сайынғы рейтингісінде ЛГБТК+ өкілдерінің саяси құқығын қорғау деңгейі бойынша Ресей ең соңғы орындардың бірінде тұр. Ресейден төмен тек Түркия мен Әзербайжан бар.
- 2022 жылы желтоқсанда Владимир Путин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойған. Заң гомосексуализм, бисексуализм және трансгендер туралы ақпарат таратудың жолын кеседі. Мұндай заң Ресейде 2013 жылдан бар, бірақ ол кәмелетке толмағандарға ғана арналған болатын.
ПІКІРЛЕР