Accessibility links

Ресейдің Украинаға агрессиясын қолдаған әнші Лепстің концерті Қонаев қаласында өтпейтін болды


Қонаев қаласында Ресей эстрадасының әншісі Григорий Лепстің концерті өтпейтін болды. Концерт 8 шілдеге жоспарланған.

Өзінің концерт алаңын беріп отырған Қонаев қаласындағы Makao Luxury Village Resort компаниясы концертті ұйымдастырушыларымен келісімді біржақты тәртіппен тоқтатқанын, концерт билеттері қайтарылатынын мәлімдеді. Бұл туралы компания Instagram парақшасында хабарлады.

Бұл хабарды Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркін Рақышев та растады. Оның сөзінше, Лепстің концертін өткізбеуге Алматы облысының әкімдігі ықпал еткенге ұқсайды.

- Украинада бір танкті жойған адамға миллион рубль беремін деген есерсоқ Лепстің Қапшағайда концерт өткізуіне халық қарсылығын білдірген еді. Бүгін қоғам белсендісі Қанат Тұрдалиевпен таңертең осы жөнінде Алматы облысының басшылығымен кездесіп, халықтың талабын орындауды, мәселені ұшықтырмай шешуді талап етіп қайттық. Концерт болмайтын, Лепс келмейтін болды,- деп жазды Еркін Рақышев.

Жақында Ресей эстрадасының әншілері Григорий Лепс пен Николай Басков желіде Украина қарулы күштерінің жойылған әрбір танксі үшін 1 миллион рубль сыйақы беретінін мәлімдеген.

Осыдан кейін қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары Григорий Лепстің келгеніне қарсы болып, әншінің концертін өткізбеуді талап еткен.

Қазақстанда Ресей әншілерінің концертіне жаппай емес, ішінара тыйым салынады. Мысалы, "танымал Z-әртіс" деген атаққа ие Полина Гагаринаның концерті көпшіліктің талабымен өтпей қалған. Бірақ Киркоровтың Астана мен Алматыдағы концертіне ресми қарсылық болмаған.

Әлеуметтік желідегі жаппай наразылыққа байланысты Ресей әншісі Лариса Долина Қазақстанға келе алмаған. Концерт өтетін орынның әкімшілігі әлеуметтік желіде "Қарағанды облысы тұрғындарының негатив реакциясына байланысты ұйымдастырушыға Лариса Долинаның концертін өткізуге орын берілмейді" деп жазған.

Биыл 15 ақпанда Алматыда "Жара" фестивалін ұйымдастырушылар елдегі және әлемдегі саяси жағдайға байланысты музыкалық шара кейінге қалатынын хабарлаған. Ресейлік шоу-бизнес өкілдері, ішінде Григорий Лепс те бар 2022 жылдың жазынан бері Қазақстанда фестиваль өткізуге талпынып жүрген.

Қазақстан азаматтары "Жара" фестивалін "Z-батальон" деп атап, бойкот жариялауға шақырған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG