Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында тұратын Денис Рудных пен Кристина Кольченко осы айда сепаратизм бабы бойынша түрмеге жабылды. Олар украин блогер пан Васильмен онлайн сөйлескеннен кейін тергеуге алынған. Өзін Ресей азаматымын деп таныстырған блогер олардан Украинадағы соғысқа қалай қарайтынын сұраған. Оралдық тұрғындардың ақтарыла айтқан әңгімесі айыптау үкімімен және бес жылға бостандығынан айыру жазасымен аяқталды.
Украин блогермен бұрын сөйлескен бірнеше азамат та қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Пан Василь 2020 жылы Рудный қаласының тұрғыны Кирилл Божкомен сөйлесіп, оның қазақ халқы мен тілі туралы дөрекі ой-пікірін интернетке жариялағаннан кейін таныла бастады. Божко ұлтаралық араздық туғызғаны үшін екі жылға сотталды, ал пан Василь қазақ блогеріне айналып шыға келді.
– Кейінгі үш жылда Қазақстан туралы көп дүние жарияладыңыз. Facebook-те ортақ достарымыздың саны 150-ден асады екен. Қазақстан мен онда болып жатқан оқиғалар сізге несімен қызық?
– Блогерлікпен 2019 жылдан бастап айналыса бастадым. Бұған "Ресейдің Украинаға қарсы ақпараттық соғысына қандай үлес қоса аламын?" деген ой түрткі болды. YouTube-канал ашып, украин блогерлердің 90 пайызы сияқты чат-рулеткада адамдармен сөйлесе бастадым.
Қазақ қоғамы украин блогерлерін жібермей қарап, ой-пікір білдіріп отыратынын байқадым...
Маған түрлі ұлт өкілдерінен тұратын қауымдастық қашанда қызық болатын. Беларусьтер, қазақтар әртүрлі жағдайда өзін қалай ұстайды екен деп ойлайтынмын. Қазақ қоғамы украин блогерлерін жібермей қарап, Украина мен Беларусьте болып жатқан оқиғаларға қатысты ой-пікір білдіріп отыратынын байқадым. Арасында қазақтармен түсірілген видео салсам, оны көретіндер көбейіп кетеді. Қазақтар осындай контент көргісі келетінін, алғысы мол аудитория екенін ұқтым. Чат-рулеткадан видеолар салып жүрдім. Бір күні Кирилл Божко деген адам кезікті. Бір күн ішінде Қазақстаннан 10 мың оқырман қосылды. Ал Божкомен видеоны көргендер 300 мыңнан асты. Осылайша интернационал украин блогерден интернационал қазақ блогерге айналдым.
Жаңа аудиторияның қызығушылығын ескеру керек. Божконың айналасындағы шу басылғаннан кейін оқырмандарымнан "Сіздерге қалай пайдалы бола аламын?", "Қазақстан мен Украинаның достығын нығайту үшін не істей аламыз?" деп сұрадым. Нәтижесінде аптасына бір рет YouTube-арнамда тікелей эфирде кездесіп тұрамыз деп шештік. Әрине, чат-рулетканы пайдаландық. Бұл азаматтардың ойында не барын көрсеткім келді. Әрине, олар – қоғамның үлкен бөлігі емес, бірақ белгілі бір деңгейде елдің айнасы деуге болады.
Чат-рулеткада кездескен адамдар өздігінен ашылып сөйлей бастады. Аздап қулыққа баруға тура келді, бірақ олар мені өзіміздің адам деп ойлап, Қазақстан мен қазақтар туралы ой-пікірін ақтарылып айта бастады. Өкінішке қарай, айтылған пікірлердің басым көпшілігі – жағымсыз ойлар.
– Сөйлесіп отырған адамды Қазақстан мен қазақтар туралы әңгімеге тарту әдісіңіз көп адамға провокация болып көрінеді. Қулық пен провокация арасындағы шекараны қалай ажыратасыз?
– Ондай шекара тым нәзік, тіпті, жоқ деуге болады. Мен қолданатын әдістер шынымен көп адамға провокация немесе манипуляция болып көрінуі мүмкін. Бірақ ниеті түзу адам сау немесе мас күйінде болсын, өз халқы мен туған жері туралы жаман сөйлемейді. Қазақстандағы диаспора ата-бабасын құшақ жая қарсы алып, ажалдан сақтап қалған қазақ халқына алғыс айтуы керек. Қазақ халқына деген құрмет пен сыйластық ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс. Ал адам дөрекі сөйлеп жатса, оған менің еш қатысым жоқ. Мен бар болғаны сұрақ қойып отырдым.
– Чат-рулеткада қармағыңызға ілініп қалатындардың көбі – білімі төмен адамдар. Олармен неге саясат туралы сөйлесесіз?
– Иә, көбіне өмірден өз орнын таба алмаған, Совет Одағындағы өмірді аңсап, Ресей бізді қорғауы керек деп ойлайтын адамдар кездеседі. Бірақ Кирилл Божко – табысты кәсіпкер, құрылыс компаниясының директоры, Рудныйда тендер жеңіп алып жүрген адам. Ол төменгі таптан деп ойламаймын. Бірақ қазақтар үшін ауылда тұратын, оқымаған адам ба, табысты кәсіпкер ме, айырмасы жоқ. Бұл адам – бірінші кезекте, жалт беруге бейім, Қазақстандағы "орыс әлемінің" элементі. Құдай бетін ары қылсын, алда-жалда "орыс әлемі" Украинадағыдай Қазақстанға да ауыз салатын болса, елді бірінші болып осындай адамдар сатып кетеді.
– Сізге қазақстандық арнайы қызмет өкілдері хабарласқан жоқ па?
– Украина, Ресей немесе Қазақстанның арнайы қызметімен байланысым жоқ. Эфир кезінде көбіне "Арнайы қызмет өкілдерінен бүгін жұмыста кім бар? Эфирді кім қарап отыр?" деп әзілдеп сұраймын. Қазақстанның арнайы қызметіне көмектесіп жатқан сияқтымын. Сепаратистерді тауып, дайындап беремін. Адам қылмыстық айып тағылатын пікір айтады, мекенжайы мен телефон нөмірін береді, оларға тек барып, ұстау ғана қалады.
Бірде қазақстандық нөмірден бір жігіттер жазып, арнайы қызметте істейтінін тұспалдап жеткізді. Бірнеше күн жазып жүрді, орфографиялық өзгерістер мен сөйлеу мәнеріне қарап, телефонның арғы жағындағы адамдар ауысып отырғанын байқадым. Ақырында бастығы жазды ғой деймін: "Жарайсың, бізге көмектесіп жүрсің, бірақ шектен шықпа, саясатқа араласпа" деп ескертті. Басқа ешкім жазбады. Бірақ қоқан-лоқы көп болды. Ондай хабарламаларды әртүрлі жосықсыз элементтер жазады деп ойлаймын.
– Сізді қазақтар мен орыстардың арасына от салып жүр деген айыптауларға қалай қарайсыз?
– Әрине, ұнатпаймын, өйткені ондайды көбіне қарсы тарапты қолдайтындар жазады. Адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын сөздерді өздері айтады, бірақ 90 пайыз жағдайда бұған мені кінәлайды. "Сұрамасаң, айтпас едім" дейді. Әңгіме барысында кішкене қулыққа басатыным рас, бірақ ағынан жарылып жаман сөздерді айтатын өздері ғой.
– Екі жыл бұрын қазақстандық Zona.kz сайты "Бандеровшылар қазақтар мен орыстарды неге ұрыстырғысы келеді?"деген жазба жариялады. Автор "адамдармен чат-рулеткада сөйлеспеу керек, Қазақстандағы қоғамдық пікірде мұндай нәрселерге иммунитет жоқ" дейді.
– Украиндер қазақтар мен орыстарды ұрыстырғысы келеді деу қолайлы ғой. Автор Божконың өзін "ұлтшылмын" деп атап, "сендерге бір Сталин керек" деп, қазақтар мен қазақ тілі туралы жаман сөздер айтқанына қынжылмайды. Оған менің қарапайым сұрақтарым ғана ерсі көрініпті. Мұндай адамдар "Божко чат-рулеткада "бандеровшыға" кезікпесе, жақсы, табысты кәсіпкер болып қалар еді" дейді. Бірақ Ресейдің Қазақстанға басып кіруі мәселесін "егер" емес, "қашан" деген контексте қарастыру керек. Қазір Украинаның қарулы күштері мұның алдын-алу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Мен сияқты блогерлер әлгіндей адамдар өздері тұрып жатқан аудандарда бірінші болып гауляйтерге айналатынын әшкерелеп жатырмыз. Мақсатымыз – мұндайға жол бермеу немесе ондай мүмкіндікті азайту.
– Сіздің тікелей эфирлеріңізден кейін сепаратизм бабы бойынша айыпталған адамдардан хабар алып тұрасыз ба?
– Арнайы қарамаймын, бірақ оқырмандарым ақпарат жіберіп тұрады. Бәрінен де Кирилл Божконың жағдайы қызық. Осы уақыт ішінде өмірі қалай өзгергенін біліп, тіпті, сөйлескім келді. Бірақ реті келмеді, әлі [түрмеден] шыққан жоқ деп естідім. Заңды бұзған адам қылмысы үшін жауап беруі керек.
Өзім сөйлескен кей адамдар құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалып жатады, соған зығырданым қайнайды. Кез келген резонанс Қазақстанға қарсы мәлімдемелердің санын азайтар еді. Бұдан адам патриот болып кетпейді, бірақ қандай ісі үшін жауап беретінін түсінеді.
– Блогерлік қызметіңізбен "Украинада кілең русофобтар мен нацистер тұрады" деген ресейлік пропагандаға болысып жатқан жоқсыз ба?
– Өте ыңғайлы пропагандалық әдістің бірі – бар кінәні бізге аудара салу. Өздері тіл тигізеді, құрметтемейді, [елдің] территориялық тұтастығына қауіп төндіреді, бірақ бұған украин блогерлер кінәлі болады. Егер қазақ қоғамы біздің эфирге шығып, сепаратистік пиғылы барларды әшкерелегенімізді көрмесе, болашағын "орыс әлемімен" байланыстыратын адамдар жоқ болып кетеді дегенді білдірмейді. Біз осы мәселені көпке көрсетіп жатырмыз. Ары қарай бұл адамдарды кешіресіздер ме, әлде түрмеге жабасыздар да, оны өздеріңіз білесіздер.
– Чат-рулеткада сіздің мақсатыңызды бірден түсініп, қармағыңызға түспейтін адамдар бола ма?
– Жұмыс істеу қиындап барады: біріншіден, жұрт мені тани бастады, екіншіден, ешкім түрмеге отырғысы келмейді. Сондықтан қазіргі эфирлер негізінен Қазақстан мен Украина арасындағы мәдени алмасуға арналады. Қазақ және украин музыкасын тыңдап, әртүрлі ойындар мен ұтыстар өткіземіз.
Тікелей эфирсіз-ақ Қазақстандағы диаспора өкілдерінің көбі – украиндер, орыстар, поляктар, немістер "орыс әлемін" қолдайтыны түсінікті (Қазақстандықтардың Ресейдің Украинаға басып кіруіне көзқарасы туралы ресми статистика жоқ; Demoscope зерттеу ұйымы мамырда мыңға жуық қазақстандық қатысқан сауалнама нәтижесіне сүйеніп, респонденттердің 21,1 пайызы Украинаны қолдайтынын, 12,8 пайызы Ресейді жақтайтынын, 60 пайызы бейтарап позицияда екенін айтқан – ред.). Украин ретінде өзім сөйлесетін адамдардың 70 пайызының тегі украин бола тұра, Қазақстанда "орыс әлемі" орнағанын қалап, Украинаға қарсы агрессияны қолдайтынына қарным ашады.
Қазақ тілінде сөйлейтін оқырмандарымның көбі Украинаны қолдайды. Украинада "мызғымастық киіз үйі" ашылғанда осыған тағы да көзіміз жетті: қазақтар украиндер жылынып, шай ішіп, телефонын қуаттап алсын деп, 100-200 теңгеден жіберіп жатты. Херсон облысындағы Каховка бөгеті жарылғаннан кейін 4-5 күннен соң қазақтар гуманитарлық көмек жинауды қайта қолға алды: адамдар гигиена құралдарын, киім-кешек, қайық апарып, супермаркеттен онлайн сауда жасап жатыр. Бұл – туған жерін ерлікпен қорғап жатқан Украина қарулы күштері еңбегінің жемісі. Бірақ біз – нацист, фашист емеспіз, жай ғана Отанымызды қорғап жатырмыз дегенді көрсеткен украин блогерлерінің де үлесі бар деп ойлаймын. Қаңтар оқиғасы болғанда украиндер жағдайды жіті бақылап, уайымдап, Қазақстанның жаңалықтарын күндіз-түні қарап отырды. Қазақтар мен украиндер жақын, оларды рухани тұрғыдан бауырлас халықтар деп атауға болады.
– Блогерлік қызметіңізден бөлек немен айналысасыз?
– 30 жылдан бері Украинаның ірі компанияларында экспорт бойынша менеджер болып істеймін. Қазір де украин тауар өндірушілерінің өнімдерін экспортқа шығарып жүрмін.
Одан бөлек, әріптесім екеуіміз әлеуметтік жоба бастадық. Ақша жинап, қаза тапқан қаһармандарымыздың отбасына көмектесеміз. Үш жарым жылдан бері ай сайын 9 отбасыға ақша аударамыз. Сегіз отбасы әкесіз, бір отбасы анасыз қалды. Онда жалпы саны 25 бала жартылай жетім өсіп жатыр.
ПІКІРЛЕР