25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім бейсенбі күні сағат 11:30-да босап шығуы тиіс болған. Алайда журналист түс болса да қамаудан шықпады. Оны қарсы алуға келген жақтастары Іле аудандық полиция басқармасының алдында "Думанға бостандық!" деп айқайлады. Жақтастары полиция басқармасына күшпен кірмекші болған. Алайда оларды ішке қарай жібермеді. Мәселеге араласқан прокурор басқарманың ішіне кіріп кеткен.
Адвокаттың ішке кіріп кеткеніне бір сағаттан астам уақыт болған. Әзірге одан да хабар жоқ.
Түс кезінде полиция басқармасынан көлік шыққан. Алайда журналистің жақтастары жолды бөгеп, көлікті шығармауға тырысты. Көлік алдында екі жақ біраз бір-бірімен жұлқысып қалды. Ақыры полиция қызметкерлері жұртты екі жаққа ығыстырып, жолды ашып, көліктің өтуіне жағдай жасады. Көлік кетіп қалды. Ақпаратқа қарағанда, көліктің ішінде Думан Мұхаммедкәрім болмаған.
Мамыр айының соңында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 күнге қамалған Думан Мұхаммедкәрім бұған дейін "экстремизмді қаржыландыру" қылмыстық ісі бойынша да "қорғалуға құқығы бар куәгер" атанған. Сол себепті адвокаты бейсенбі күні оның босатылатыны-босатылмайтыны белгісіз деп айтқан.
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, бір күн бұрын журналисті "экстремизмді қаржыландыру" бабы бойынша тергеуге тырысқан. "Алайда біз құқымызды пайдаланып, жауап беруден бас тарттық" деді адвокат.
Бұған дейін полиция журналисті күштеп ұстап әкетуге қатысты тексеріс жүріп жатқанын хабарлаған. Бірақ жақындарының айтуынша, әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
YouTube желісіндегі Ne deidi? арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім наурыздағы парламент сайлауынан бері үш рет қамалды. Соңғы рет 1 мамыр күнгі оппозиция митингісі қарсаңында қамалып, 26 мамырда ғана бостандыққа шыққан еді. Көп ұзамай 25 тәулікке қайта қамалды. Ол өзі шақырған митингілердің алдында ұсталып жүр. Құқық қорғаушылар билікті қатаң сынап жүрген журналистке ашылған істің саясиланғанын айтады.
Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР