Accessibility links

Польша Тәжікстанда оппозициялық топтың жазбасына "лайк басты" деп айыпталған азаматты еліне депортациялады


Сорбон Әбдірахимзода балаларымен бірге. Отбасылық архивтен алынған.
Сорбон Әбдірахимзода балаларымен бірге. Отбасылық архивтен алынған.

Польша тәжік азаматы Сорбон Әбдірахимзоданы еліне депортациялады. 22 маусымда Польша басылымдары оны Болгария аумағы арқылы Душанбеге жөнелткенін мәлімдеді. Тәжікстан билігі Сорбонды оппозициялық топ жариялаған материалға "лайк" басты деп айыптайды. Бұл жөнінде Азаттықтың Тәжік қызметі жазды.

Оның адвокаты Богумив Зигмонт Польша билігі Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының шешіміне қарамастан, Әбдірахимзоданы депортациялағанын айтады. Енді оны Тәжікстанда ұзақ түрме жазасы күтіп тұр дейді адвокаты.

“Onet” сайты Варшава Сорбон Әбдірахимзоданы Польша билігі үшін қауіпті деп санағанын жазған.

Freedom for Eurasia құқық қорғау ұйымының өкілі Ләйла Назгүл Сейітбек Twitter парақшасында Әбдірахимзоданы әскери ұшақпен Польшадан Болгарияға жеткізгенін, онда ол уақытша ұстау мекемесінде отырғанын мәлімдеген.

Бір ай бұрын Польша Сорбон Әбдірахимзоданы экстрадициялаудан бас тартқан.

30 жастағы Сорбон Әбдірахимзода екі баланың әкесі. Ол бұған дейін отбасымен бірге Украинада тұрған. Онда соғыс басталғаннан кейін отбасымен Польшаға өтпекші болған. Сол кезде ұсталған. Оның отбасының қайда екені айтылмайды.

Сорбон Әбдірахимзоданы өз елінде қандай бап бойынша айыптап жатқаны белгісіз. Сорбонның туыстары оппозициялық "Группа 24" тобының материалына "лайк" басқаны үшін қуғын көріп жатыр дейді.

2015 жылы Душанбе Тәжікстан ислам жаңғыру партиясын террористік ұйым деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Аталған топтың мүшелері мен үкіметке қарсы өзге де саяси топ өкілдері Еуропаға, оның ішінде Польша және Германияға қашқан. Еуропа билігі олардың саяси баспана алу туралы өтініштерін жиі қанағаттандыра бермейді. Бірақ бірнеше мың тәжік азаматы саяси баспана алып үлгерген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG