Сенбіге қараған түні Ресей Украинаның Киев, Днепр, Харьков және Кременчуг қалаларын жаппай ракетамен атқылады. Елдің барлық аймағында әуе дабылы іске қосылды. Украинаның әуе-әскери күштері Ресей әскері Каспий акваториясынан Х-101/555 қанатты зымыранын ұшырғанын хабарлады.
Киев мэрі Виталий Кличко Украина астанасындағы Соломен ауданында жарылыс болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, 16 қабатты тұрғын үйге ракета түсіп, өрт басталған. Оқиға орнында құтқару қызметі істеп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, екі бейбіт тұрғын зардап шеккен: біреуі ауруханаға жатқызылған, біреуіне оқиға орнында көмек көрсетілген.
Харьков мэрі Игорь Терехов қаланың Слобод ауданына С-300 ракетасымен соққы жасалғанын хабарлады.
Ресей қорғаныс министрлігі соққыға түсініктеме берген жоқ.
ПІКІРЛЕР