Accessibility links

АҚШ барлау қызметі Пригожин жоспарының нышандарын байқаған


Евгений Пригожин
Евгений Пригожин

АҚШ барлау қызметі жоғары лауазымды тұлғаларға "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожиннің Ресей әскербасыларын қызметінен кетіруді көздейтін ықтимал жоспары туралы ертерек хабарлаған. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген The New York Times, Washington Post және CNN хабарлады.

Атап айтқанда, Washington Post-тің жазуынша, барлау қызметі Пригожиннің жоспарын маусым ортасында білген. Хабар мейлінше салмақты қабылданған. Америка сарапшылары Владимир Путиннің билікті сақтап қалатынына күмәнданып, Ресейдің ядролық арсеналының тағдырына алаңдаған. Дегенмен Пригожиннің қашан шығатыны және оның нақты не істейтіні туралы мәлімет барлау қызметінде болмаған, мәселе тек нышандар жөнінде ғана болып отыр.

Дереккөздердің хабарлауынша, 21 және 22 маусым күндері барлау өкілдері АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғалары мен Конгресс өкілдеріне жағдайды баяндаған. Оқиғаның жылдам өрбуі Америка лауазымды тұлғаларын таңдандырған.

24 маусымда Ақ үйдің баспасөз қызметі мәлімдеме таратып, АҚШ президенті Джо Байден және вице-президент Камала Харрис Ресейдегі жағдайға байланысты хабардар екенін мәлімдеді. Ақ үйдегі жиынға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Пентагон басшысы Ллойд Остин, штаб жетекшілерінің біріккен комитетінің төрағасы Марк Милли, ЦРУ директоры Уильям Бернс те қатысқан.

Президент Байден сонымен бірге Ресейдегі жағдайды Франция басшысы Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц, Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунакпен талқылаған. Аталған елдердің басшылары "Украинаны қолдау ниетінен айнымайтындығын" айтқан. Телефон әңгімелердің жай-жапсары айтылмайды. Жиын сенбі күні кешке Пригожин Мәскеуге жорығын тоқтататынын айтқанға дейін өткен.

Politico басылымының хабарлауынша, АҚШ әкімшілігінің өкілдері қазір жағдайды бағалауға тырысып жатыр. Америка және Еуропа шенеуніктері арасындағы келіссөзде Ресейдегі тараптардың ешқайсысын қолдауға болмайтыны атап өтілген, алайда аталған қақтығыс Украинаға шабуылда жеңіске жетуге көмектесуі мүмкін бе деген мәселе де сөз болған. Дегенмен басылымның жазуынша, билік үшін талас қызған шақта Владимир Путин одан да қатаң саясат жүргізуі мүмкін, ал ықтимал хаос Ресейдің ядролық арсеналына қатер төндіруі мүмкін.

25 маусым таңертең "Вагнер" әскері жағынан қандай да бір белсенділік байқалмады. Олар Дондағы Ростовтан да кеткен. Пригожин 24 маусым кешкі уақыттан бері оқиғаға түсініктеме бермеді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 24 наурызда кешке Пригожин Беларуське кеткенін, ал "қарулы бүлікке" қатысқан "Вагнер" жасағы қудаланбайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG