Accessibility links

Думан Мұхаммедкәрім деген кім? Неліктен оған экстремизмге қатысты айып тағып жатыр?


"Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 күнге қамалған Думан Мұхаммедкәрімнің босап шыққан сәті. Алматы облысы, 26 мамыр, 2023 жыл.
"Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 күнге қамалған Думан Мұхаммедкәрімнің босап шыққан сәті. Алматы облысы, 26 мамыр, 2023 жыл.

Журналист, YouTube желісіндегі Ne deidi арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім екі қылмыстық іс бойынша күдікке ілініп, екі айға қамалды. Оған тағылған екі айып та экстремизмге қатысты. Думан Мұхаммедкәрім деген кім? Тоқаевты қатаң сынап жүрген журналист не үшін экстремизм бойынша күдікке ілінді? Мемлекеттік арнаның бұрынғы тілшісі оппозициялық белсендіге қалай айналды?

БІР ЖАРЫМ АЙ БҰРЫН БЕЛГІЛІ БОЛҒАН АЙЫП

Өткен аптада Думан Мұхаммедкәрім тергеу сотының шешімімен екі айға қамалды. Сот шешімі оған 22 маусымда түнгі 10-да шыққан. Сотқа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов қатысқан жоқ. Қорғаушысының сөзінше, Мұхаммедкәрімді сот шешімі шыққан соң бірден Талдықорған қаласына алып кеткен.

Журналист Думан Мұхаммедкәрім куәгерден күдіктіге айналды (22 маусым, 2023 жыл)

Журналист Думан Мұхаммедкәрім куәгерден күдіктіге айналды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" (405-бап, 2-бөлім) және "экстремизмді қаржыландыру" (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша күдікті деп танылған. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

Журналистке қылмыстық іс ашылғаны биыл 2 мамырда белгілі болды. Ол кезде Мұхаммедкәрім "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айып бойынша әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отырған еді.

Әуелі ол 405-бап бойынша қылмыстық істе "қорғануға құқығы бар куәгер" атанды. Көп ұзамай "экстремизмді қаржыландыру" бабы да қосылып, өткен аптада екі істе де күдікті статусына өтті.

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әке-шешесі Алмаз Тілепов пен Қалимаш Рымбекқызы ұлына тағылған айыпқа наразылық білдіріп тұр. 3 маусым, 2023 жыл.
Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әке-шешесі Алмаз Тілепов пен Қалимаш Рымбекқызы ұлына тағылған айыпқа наразылық білдіріп тұр. 3 маусым, 2023 жыл.

ТОҚАЕВТЫ СЫНАҒАНЫ ҮШІН ЖАЗАЛАУ МА?

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрімге қарсы екі қылмыстық іс те Мұхтар Әблязовтан алған сұхбатына байланысты қозғалған.

Журналист көп жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы бұрынғы банкирден алған алғашқы сұхбатты былтыр 20 желтоқсанда Ne deidi YouTube арнасында жариялаған. Мұхаммедкәрім сұхбат барысында Әблязовқа ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысты да бірнеше сұрақ қойған. Адвокатының айтуынша, осыған байланысты журналистің үстінен "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

– Бұл жалған айып. Думан бар болғаны кәсіби жұмысын атқарды. Сұхбат кезінде ҚДТ қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылғанын да атап өткен. Осыған қарамастан "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деу негізсіз, – дейді Ғалым Нұрпейісов.

Оның айтуынша, Мұхаммедкәрімге "экстремизмді қаржыландыру" деген бап бойынша айыпты Әблязовтан алған сұхбатында "ҚДТ ұйымына қатысты есепшотты көрсетіп қойғаны үшін" таққан.

Әкімшілік жазасын өтеп шыққан тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімді (ортада) белсенділер мен жақтастары абақты алдынан күтіп алды. Алматы облысы, 15 сәуір, 2023 жыл. Фото авторы – Тоқмолда Құсайынов.
Әкімшілік жазасын өтеп шыққан тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімді (ортада) белсенділер мен жақтастары абақты алдынан күтіп алды. Алматы облысы, 15 сәуір, 2023 жыл. Фото авторы – Тоқмолда Құсайынов.

YouTube платформасындағы Ne deidi арнасында Думан Мұхаммедкәрімнің Әблязовтан алған екі сұхбаты жарияланған. Тергеу орындары осы екі сұхбаттың нақты қайсысы қылмыстық іске түрткі болғаны әзірше белгісіз.

Журналиске қатысты тергеу сотының қаулысы оның адвокатында бар. Бірақ адвокат Нұрпейісов тергеу аяқталғанша қаулыны жариялай алмайтынын айтты.

Мұхаммедкәрімге тағылған екі айыптың ең ауыры – "экстремизмді қаржыландыру" бабы. Бұл айып бойынша кінәсі дәлелденген адам бес жылдан тоғыз жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал "тыйым салынған ұйым ісіне араласу" бабы бойынша кінәсі дәлелденген адамға айыппұл мен шартты жазаны қоспағанда, екі жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы қарастырылған.

Адвокат: Билік журналист Мұхаммедкәрімді Әблязовпен байланыстыруы мүмкін (2 мамыр, 2023 жыл)

Адвокат: Билік журналист Мұхаммедкәрімді Әблязовпен байланыстыруы мүмкін
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:05 0:00

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы 23 маусым күні Думан Мұхаммедкәрімді қолдау жиынында журналистің ісін "саяси тапсырыс" деп атады. Жиында журналистің президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қатаң сынап жүргені айтылып, аталған айыптардың соған қатысы бары жөнінде болжам жасалды.

– Бұл саяси тапсырыспен болған саяси қудалау. "Экстремистік ұйымға қатысы бар, соны қолдайды, соны үгіттейді, соны қаржыландыруға септігін тигізеді" деген сияқты түкке тұрмайтын айыптаулармен оны бостандығынан айырып, журналистік кәсіби қызметімен айналысуына шектеу қою. Думанға халық сенеді. Сондықтан да оған үміт артады. Ал билік керісінше, Думанның осындай журналистік және қоғамдағы белсенділік рөлінен қатты қауіптенеді, – деді ол.

Думан Мұхаммедкәрімнің өзі 27 мамырда кезекті әкімшілік қамаудан шыққаннан кейін өзіне ашылған 405-бап бойынша істі белсенділігімен байланыстырып, "қазір тіпті WhatsApp-тағы аудио үшін де қудалайтын жағдайға жеттік" деген.

"Интернет дамыған күннің өзінде саяси репрессия өте күшті. Тоқаев [қудалау бойынша] Назарбаевтан асып түспесе, кем түспейді. Бәрімізді қудалап қамап жатыр. Митингіге шақырғаны бар, шақырмағаны бар. Қамауда отырғанда қасыма Дәулет Мәлік деген бауырымды алып келді. Бұл жігітке де өшіккен екен. Бұл жігіт WhatsApp арқылы бір топқа "Қытаймен визасыз режимге қарсы екенімізді айтып, Алматы әкіміне барып, онымен кездесейік" деп айтқан. Сол үшін оны қамапты. Міне, 1937 жылдан асып түсті" деген еді журналист.

Бұған дейін журналист Думан Мұхаммедкәрімнің "саяси көзқарасына байланысты" қудаланып жатқанын ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де "мойындаған". 7 маусымда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министр "Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен журналистік қызметі үшін емес, саяси көзқарасы үшін іс қозғалды" деп мәлімдеген.

Министр Дархан Қыдырәлі журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі туралы (7 маусым, 2023 жыл)

"Іс саяси көзқарасы үшін қозғалды". Ақпарат министрінің журналист Думан Мұхаммедкәрім туралы пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

ҚАҢТАРДАН КЕЙІН КЕҢІНЕН ТАНЫЛҒАН ЖУРНАЛИСТ

44 жастағы журналист Думан Мұхаммедкәрім 20 жылдай мемлекеттік арналарда, шамалы уақыт Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып жұмыс істеген.

Бірақ 2021 жылы арнадағы жұмысынан шығып, YouTube желісінде сұхбаттар жүргізе бастады.

Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.

Тәуелсіз журналист, Ne deidi YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңында тұр.
Тәуелсіз журналист, Ne deidi YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңында тұр.

Мұхаммедкәрім Қаңтар қырғынынан кейін YouTube арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды. Қазір оның 147 мың жазылушысы бар.

Думан Мұхаммедкәрім Қаңтар дүрбелеңінен кейін журналистік жұмыстан бөлек, саяси белсенді ретінде де көзге түсе бастады. Ол мыңдаған адам көретін тікелей эфир хабарларында билікті ашық сынап жүрді. Сондай хабарларының бірінде журналист былтыр қарашадағы кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында саяси науқанның "заңсыз өткелі жатқанын" айтып, жұртты бейбіт митингіге шығуға үндеген. Осы әрекеті үшін ол "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 7-тармағы) деген айыппен 15 тәулікке қамалды. Бұл оның алғашқы рет қамалуы еді.

Думан Мұхаммедкәрім (оң жақта) белсенділер Арайлым Назарова, Әлнұр Ильяшев және тәуелсіз журналист Динара Егеубаевамен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 26 желтоқсан, 2022 жыл.
Думан Мұхаммедкәрім (оң жақта) белсенділер Арайлым Назарова, Әлнұр Ильяшев және тәуелсіз журналист Динара Егеубаевамен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 26 желтоқсан, 2022 жыл.

Мұхаммедкәрім биыл наурызда кезектен тыс өткен парламент сайлауы кезінде де белсенділігімен көзге түсті. Өзі тұратын Алматы облысынан мәжіліс депутаттығына кандидатурасын ұсынды. Бастапқыда аумақтық сайлау комиссиясы оның "сегіз ай бойы еш жерде тіркеуде болмағанын" желеу етіп, үміткер ретінде тіркемей қойған. Алайда комиссиямен соттасқан журналист ақыры кандидат куәлігін алып, сайлауға түсті. Бірақ Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысы бойынша, ол мәжіліске өте алмады.

Ресми қорытынды жарияланған соң Мұхаммедкәрім сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтып, митингіге шығатынын мәлімдеді. Ол өзге адамдарды да қарсылық білдіруге шақырды. Осыдан кейін журналист 25 тәуліктен үш рет қамалып шықты.

Көктемде оның бостандықта жүргенінен қамауда отырған күні көп болды. Көктемде қамаудан шыққан кезде "билік 61 күнімді ұрлады, бірақ бәрібір қайтпаймын, халықты митингіге шақыра беремін" деп мәлімдеді. Қамауда отырғанда ол бірнеше рет аштық жариялады. Адвокаты Ғалым Нұрпейісов қазір журналистің денсаулығы нашарлағанын да айтты.

Былтыр қарашадағы президент сайлауы қарсаңында алғаш рет 15 тәулікке қамалған Думан Мұхаммедкәрім биыл кейінгі төрт айдың 75 күнін абақтыда өткізген.

Қазақстанда кейінгі төрт жылда ондаған белсенді "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен қылмыстық жазаға тартылған. Мұндай айыппен сотталғандардың көбі Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше партиясына" қатысы бар деп айыпталған. Қазақстанда аталған екі ұйым да сот шешімі бойынша "экстремистік" деп танылған, бірақ Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атайды. Бұл екі ұйымға шыққан шешімдерді жариялауды белсенділер талай рет талап еткенмен билік жұртқа көрсетпей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG