Accessibility links

Зеленский Саакашвилиді емделу үшін Украинаға жіберуді талап етті


Сот отырысына видео байланыс арқылы қатысып отырған Михаил Саакашвили
Сот отырысына видео байланыс арқылы қатысып отырған Михаил Саакашвили

Украина президенті Владимир Зеленский Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді емделу үшін Украинаға жіберуді талап етті. Ол Саакашвилиде Украина азаматтығы бар екенін еске салды. Зеленский Украина сыртқы істер министрлігіне Грузияның Киевтегі елшісін шақырып алып, Саакашвили мәселесі бойынша Тбилисимен ақылдасып келу үшін 48 сағат ішінде шығарып жіберу жөнінде бұйрық берді.

Зеленскийдің мәлімдеме жасауына дүйсенбі күні Саакашвилидің үстінен өткен тағы бір қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы түрткі болған. Грузияның бұрынғы президенті сот отырысына "Вивамед" клиникасынан видео байланыс арқылы қатысқан. Видеода Саакашвилидің азып-тозғаны байқалады. Азаттық радиосы Грузин редакциясының хабарына қарағанда, Саакашвили сөзін украин тілінде бастаған, содан соң саяси мәлімдеме жасап, осы күйге жеткізгені үшін парламент төрағасы Шалва Папуашвилиден кешірім сұрауды талап еткен.

Зеленский твиттеріне "Ресей Украина азаматы Михаил Саакашвилиді грузин билігінің қолымен өлтіргісі келеді" деп жазып, Киев Тбилисиден Саакашвилиді әлденеше рет сұрағанын, Батыс елдері де әртүрлі ұсыныс жасағанын еске салған.

  • Михаил Саакашвили Грузия президенті кезінде өкілетін асыра пайдаланды деп алты жылға сотталған. Ол тағылған айыпты мойындамай, өзін саяси тұтқын деп санаған. Былтыр мамыр айынан бері Грузияның бұрынғы президенті түрлі дертіне байланысты Тбилисидің "Вивамед" клиникасында емделіп жатыр.
  • "Грузия билігі қастандық жасады" деп есептейтін Саакашвили өзге елде емделуге жіберуді талап етіп келеді. Грузия билігі Саакашвили ауырған түр көрсетіп, алдап отыр деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG