4 шілдеде Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "әскери адамға оқ атты", "күшпен қаруды тартып алды" деген айыпталған Ғабит Піржанов пен марқұм Фархат Омаровты айыпты деп тапты.
Судья Асыл Ізтелеуова Піржановты 16 бас бостандығынан айырса, Омаровты қаза болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.
Сот мамырда басталып, қырық шақты процесс өткен.
Айыптау актісінде Піржанов туралы "2022 жылы 4 қаңтар "Aray City Mall" сауда үйінің алдында, облыстық әкімдігінің ғимаратында, жергілікті жол полиция басқармасында болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған. Өз адамдарына оқ атуды бұйырған. Атыс қаруын ұрлау үшін полиция ғимаратының сызбасын алған, полиция араласқан соң қылмысын жүзеге асыра алмаған" деп жазылған.
Ал Фархат Омаров туралы айыптау қағазында "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, әкімдік пен жол полициясының ғимараттарына заңсыз кірген. "Піржановтың бұйрығымен полиция қызметкерін атып, ауыр дене жарақатын салған. Өзі қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан" деп баяндалған.
Прокурор сотта екі айыпталушыны кінәлі деп танып, Піржановты 20 жылға соттауды, ал Фархат Омаровты қаза болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.
Піржанов және Омаровтың туыстары үкіммен келіспейді.
Фархат Омаровтың анасы Бибігүл Әлішева сот үкімін соңына дейін сабырмен тыңдай алмағанын айтады.
- Мен орнымнан тұрмадым. Олар менің Фархатымды өлтірді. Оны өлген соң қылмыстық жауапкершіліктен босатылды деген не сөз? Одан айып алынған жоқ. Мен үш сөмкемен дәлелдер апардым. Баламның аруағы үшін күресемін, - деді ол Азаттыққа.
Қаңтар оқиғасына байланысты бұған дейін тағы бір қызылордалық Қазыбек Құдайбергенов дәл осы айыптармен 17 жылға сотталған еді.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қаза тапқан. Оның біреуі – міндетті әскери борышын өтеп жүргенде мерт болған сарбаз.
ПІКІРЛЕР